БОЛАШАҚТЫҢ ДИПЛОМДАРЫ: 2025 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕР – ҚАРИУ МАҚТАНЫШЫ

2025 жылғы 4 шілдеде Қарағанды индустриялық университетінде 2025 жылғы түлектерге диплом табыстау салтанаты өтті. Бұл күн жүздеген жас маман үшін жеке мереке ғана емес, университет тарихындағы маңызды кезең болды. Университет жетістіктері, халықаралық серіктестіктер, бірегей білім беру бағдарламаларының іске қосылуы және түлектерге арналған басты тілектер туралы ҚарИУ ректоры Бахыт Жәутіков айтып берді.

– Бахыт Ахатович, бүгін – ерекше күн. 2025 жылғы түлектерге қарап қандай сезімдесіз?
– Бұл толқу мен мақтаныш. Әрбір түлек – жай ғана сан емес, ол – тағдыр, тұлға, өмір жолы. Біз студенттер университетке алғаш келген сәттерін – үмітке толы, кейде өзіне сенімсіз кездерін жақсы білеміз. Ал бүгін – алдымызда өмірлік тәжірибе жинақтаған, мықты, мақсатты жас мамандар тұр. Бұл бізге үлкен шабыт сыйлайды әрі ел болашағына деген сенімді нығайтады.

– Құттықтау сөзіңізде бұл жылдың университет үшін де ерекше болғанын атап өттіңіз. Қандай маңызды жетістіктерді бөлісе аласыз?
– Иә, бірнеше ірі жетістіктеріміз бар. Ең алдымен, Қарағандыда Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының филиалы ашылды. Бұл – біздің ғылыми және оқу жетістіктеріміздің жоғары бағалануының белгісі. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының студенттік ұйымы мен экологиялық клубтың құрылуы – біз тек кәсіби мамандарды ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлғаларды тәрбиелеп отырғанымыздың дәлелі.

Биыл алғаш рет Қарағанды индустриялық университеті QS Asia рейтингіне енді. Бұл рейтинг – әлемдегі ең беделді академиялық көрсеткіштердің бірі. Бұл – біз үшін дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айғағы, студенттер үшін – дипломның салмағы, ал талапкерлер үшін – университетімізге сенім.

Біз Азияның үздік 750 университетінің қатарына кірдік және Қазақстандағы техникалық жоғары оқу орындары арасында 6-орынды иелендік.

– Университет халықаралық деңгейге шықты. Бұл қандай мүмкіндіктер береді?
– Бұл – біз үшін стратегиялық бағыт. Биыл ҚарИУ Тюмень индустриялық университетімен қос диплом бағдарламасын бастады: студенттер 2 жыл Теміртауда, 2 жыл Тюменьде оқиды, нәтижесінде екі елдің де дипломын алады.

Инчхон ұлттық университетімен (Оңтүстік Корея) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тұрақты технологиялар бойынша ғылыми-білім беру орталығын құру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, Баку қаласының 3 жетекші университетімен серіктестік келісімдер жасалды. Нәтижесінде, бірінші азербайжандық талапкер құжаттарын біздің университетке тапсырды. Бұл – тек бастамасы. Біз ҚарИУ тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал болып, әлемдік деңгейдегі инженерлер мен мамандарды даярлайтын жоғары оқу орнына айналсын дейміз.

– Биыл ҚарИУ Қазақстанда алғаш рет «Автомобил жасау» бакалавриат бағдарламасын ашты. Келесі оқу жылында қандай жаңа бағдарламалар іске қосылады және қандай салаларда сұраныс жоғары?
-2025–2026 оқу жылынан бастап Қарағанды индустриялық университетінде заманауи өнеркәсіп, экология және цифрландыру талаптарына сай жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылады. Олардың қатарында — «Сварканың технологиялық инжинирингі» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама қазіргі заманғы дәнекерлеу әдістерін, соның ішінде лазерлік, ультрадыбыстық және автоматтандырылған тәсілдерді меңгерген жаңа буын инженерлерін дайындайды. Студенттер тек физика мен материалтануды ғана емес, сонымен қатар цифрлық технологияларды, модельдеуді, жасанды интеллектіні және сапаны басқаруды да оқиды. Тағы бір жаңа бағдарлама — «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», ол тамақ өнеркәсібі үшін мамандар даярлауға бағытталған. Бағдарламада стандарттау, қауіпсіздік, экологиялылық және тұрақты даму мәселелеріне ерекше назар аударылады. Студенттер функционалды өнімдер өндірісі мен кәсіпорындарды жобалауға байланысты практикалық пәндерді меңгереді. Тау-кен-металлургия бағыты бойынша «Экоаналитика және рецикллеу технологиялары» бағдарламасы ашылады. Бұл бағдарлама экологияны, инжинирингті және IT технологияларын біріктіреді. Студенттер экологиялық мониторинг әдістерін, үлкен деректерді талдауды, ГАЖ-технологиялармен жұмыс істеуді, қалдықтарды басқару мен қоршаған ортаны бақылауға арналған заманауи сенсорларды үйренеді. Сонымен қатар, «Тау-кен-металлургия өнеркәсібіндегі жобалық менеджмент» бағдарламасы да дамуын жалғастыруда. Бұл бағдарламада PMBOK стандарттарын, цифрлық құралдарды және тәуекелдерді басқару әдістерін қолдана отырып, өндірістік жобаларды басқаруға қабілетті мамандар даярланады. Сондай-ақ, «Мұнай өңдеу өндірістерінің технологиясы» бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама мұнай мен газды өңдеу, цифрлық модельдеу, өнім сапасын талдау, экологиялық қауіпсіздік және тұрақты даму салаларында құзыреті бар инженерлерді дайындайды. Барлық бағдарламалар практикалық бағыттылығымен, пәнаралық тәсілімен және цифрлық дағдыларға басымдық беруімен ерекшеленеді. Бұл ҚарИУ түлектеріне Қазақстанда да, халықаралық еңбек нарығында да бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі түлектерге не айтқыңыз келеді?
– Олардың өздеріне сеніп, қиындықтан қорықпауын қалаймын. Бүгін олар диплом алып жатыр, бірақ бұл аяқталу емес — бұл бастау. Бұл — кәсіби жолдың бастауы, ал сол жолда білімге, адамдарға және өзің арнайтын іске деген құрметті сақтау өте маңызды. Әрқайсысына мықты денсаулық, күш-қуат, шабыт және сәттілік тілеймін. Біз әрбір түлекпен мақтанамыз.

Соңында – оқытушылар мен ата-аналарға бірнеше сөз?
– Оқытушыларға – еңбегі, төзімі және әрбір студенттің жанында болып, олардың өсуіне қолдау көрсеткені үшін шексіз алғыс. Ата-аналарға – балаларына көрсеткен қолдауы мен біздің университетке артқан сенімі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл күн – олардың да мейрамы!

blank