Қазақстанда Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ұлттық даму институты құрылды, ол Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық үкіметті қолдау орталығының құрамына кірді.
Жаңа ведомство мемлекеттік саясатты іске асырумен,
кибершабуылдарды модельдеумен, цифрлық криминалистикамен және бейінді
мамандардың біліктілігін арттырумен айналысады. Жасанды интеллект пен бұлтты
технологиялардың даму дәуірінде институт мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен аса
маңызды инфрақұрылымды қорғауға арналған ғылыми тәсілдерге баса назар аударады.
Институттың алғашқы халықаралық жобасы 25-27 маусым
аралығында Ыстамбұлда Istinye University базасында өтіп жатқан ICCSDFAI 2026
конференциясын ұйымдастыру болды. Цифрлық үкіметті қолдау орталығы іс-шараны 11
ұйымнан тұратын халықаралық консорциуммен бірлесіп өткізді. Серіктестер
қатарына әлемдік технологиялық алыптар кірді: Palo Alto Networks, Amazon Web
Services (AWS), ASELSAN, TI-Lab және FerroTechnics (Канада). Конференцияның
барлық материалдары беделді халықаралық IEEE базасында индекстеледі.
Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия
Оспанова бұл оқиғаның еліміз үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. «Біздің
мақсатымыз – Қазақстан киберқауіпсіздік саласындағы дайын шешімдерді тұтынушы
ғана емес, жаңа тәсілдердің тең авторы болуы», – деп атап өтті бас директор
Әлия Оспанова.
Іс-шараның үш күндік бағдарламасы пленарлық сессияларды,
воркшоптарды, технологиялық шешімдер көрмесін, сондай-ақ CTF және Hackathon
жарыстарын қамтиды.