ҰРПАҚТАРДЫ БІРІКТІРГЕН АЛЛЕЯ

1 қазанда Қарағанды индустриялық университетінің жаңа корпусының аумағында жаңа жасыл аллея пайда болды. Шыршалар мен қайыңдарды отырғызу Қазақстан Республикасының жоғары білім беру қызметкерлері күніне орайластырылды.

Іс-шараға қатысушылар жай ғана ағаш отырғызған жоқ. Әрбір шырша мен қайың оқытушылар мен тәлімгерлерді, әр жылдардағы түлектерді және университеттің дамуына үлес қосқан барша жандарды еске салатын белгіге айналды.

Іс-шараға жоғары оқу орнының басшылығы, университетті 50 жыл бұрын тәмамдаған түлектер, «Qarmet» АҚ этномәдени бірлестіктерінің басшылары және шақырылған қонақтар қатысты.

Салтанатты рәсімнің құрметті қонағы — заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының бұрынғы судьясы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақ жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының академигі Еркін Ануарұлы Оңғарбаев болды.

Жаңа аллея әртүрлі ұрпақ өкілдерін: университетте көп жыл бұрын оқып, еңбек еткендерді және бүгінде оның тарихын жалғастырып жүргендерді біріктірді. Уақыт өте келе ағаштар жоғары оқу орнымен бірге өсіп, болашақ студенттер үшін жайлы әрі жасыл кеңістік қалыптастырады.

Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдау мақсатында өтті. Ол қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, табиғи мұраны сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған.

Ағаш отырғызу қарапайым, бірақ маңызды қадам болды. Бұл — өткенді есте сақтап, университет дәстүрлерін жалғастырып, кейінгі ұрпаққа ізгі із қалдыру мүмкіндігі. Өйткені таза әрі жасыл ел әрқайсымыздың қамқорлығымыздан басталады.