ҚАРИУ-ҒА МЫҢНАН АСТАМ БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТІ ОҚУҒА ТҮСТІ

Қарағанды индустриялық университетінде 1 қыркүйек жаңа оқу жылының басталуымен қатар, әртүрлі буын өкілдерінің басын қосқан ерекше күн болды. Бір залда бірінші курс студенттері, оқытушылар, қонақтар және осыдан 50 жыл бұрын университетті тәмамдаған түлектер бас қосты. Тағы бір маңызды оқиға — Нариман Ишмұхамедов атындағы атаулы білім беру гранттарының алғаш рет табысталуы болды.

Салтанатты іс-шара ҚарИУ ректоры Бахыт Жаутиковтың құттықтау сөзімен басталды. Ол Білім күнінің бүкіл университет қауымдастығы үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.

— Бірінші курс студенттері үшін өмірдің жаңа кезеңі басталады, студенттер үшін — мүмкіндіктер мен жаңалықтарға толы жаңа оқу жылы, ал оқытушылар үшін — білім мен тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды жұмыстың жалғасы, — деді ректор.

Жаңа оқу жылында Қарағанды индустриялық университетіне мыңнан астам адам оқуға түсті. ҚарИУ-ға Қазақстанның әр түкпірінен, соның ішінде еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен жастар келді. Шетелдік студенттердің саны да артып келеді. Теміртауда білім алуды Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден келген талапкерлер таңдауда. Ректордың айтуынша, бұл университетке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және білім сапасына деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді.

Оқуға түскендердің арасында «Алтын белгі» иегерлері де бар. Олардың он үші мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды. «Алтын белгі» иегерлерінің тағы біріне ҚарИУ Ғылыми кеңесінің гранты берілді. Университетті жарты ғасыр бұрын тәмамдаған түлектердің қатысуы мерекелік шараға ерекше атмосфера сыйлады. Олар өз естеліктерімен бөлісіп, кәсіби жолдары туралы айтып берді. Өткен жылдар ішінде олардың көпшілігі танымал әрі беделді мамандарға, басшыларға, ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне айналды. Олардың есімдерін туған Теміртау мен Қазақстанда ғана емес, елден тыс жерлерде де жақсы біледі.

Бірінші курс студенттеріне арнаған сөздерінде университет ардагерлері студенттік жылдарын, алғашқы оқытушыларын, еңбек жолының басталуын және мамандық таңдауларына әсер еткен оқиғаларды еске алды.

Кездесудің басты сәттерінің бірі — Завод-ЖОО-ның (қазіргі ҚарИУ) бұрынғы ректоры, профессор және көрнекті металлург, жоғары оқу орны мен отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан Нариман Ишмұхамедов атындағы атаулы білім беру гранттарының алғаш рет табысталуы болды.

Атаулы гранттардың иегерлері 15 бірінші курс студенті атанды. Олар университетте тегін білім алып, ай сайын 150 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Мұндай қолдау студенттерге оқуына, ғылыми жұмысына және кәсіби дамуына барынша көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Гранттарды студенттерге Нариман Ишмұхамедовтің немересі табыстады. Ол атасының университет тарихында ғалым, педагог және басшы ретінде мәңгілікке қалғанын айтты. Табысты кәсіпкер атанған оның ұлы әкесінің ісін жалғастырып, жас ұрпаққа білім алуға, дамуға және өз жетістіктері арқылы профессордың ісін жалғастыруға көмектесуді шешкен.

Бірінші курс студенттеріне арнаған сөзінде Бақыт Жаутиков оларды университет ұсынатын мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға: жақсы білім алуға, ғылыммен айналысуға, жобаларға қатысуға, пікірлес адамдарды табуға және алдына үлкен мақсаттар қоюдан қорықпауға шақырды.