ДӘРІСТЕРДІҢ ОРНЫНА ФИЛЬМДЕР: ҚАРИУ-ДА ЖЕЛІДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ТАЛҚЫЛАНДЫ

17 наурыз күні Қарағанды индустриялық университетінде студенттер үшін «Не книжные закладки» және «Хулиганка» қысқаметражды фильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Көрсетілімнен кейін «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында талқылау өтті.

Спикерлер ретінде университеттің психологиялық қызметінің жетекшісі А. Ярута, сондай-ақ УИП ҚПБ ЖТД  қызметкерлері — полицияның аға лейтенанттары В. Иманалиев пен А. Сыдыков сөз сөйледі. Кездесу ашық диалог форматында өтті: студенттер фильмдерді тамашалап қана қоймай, онда көтерілген мәселелерді жан-жақты талқылады.

Бүгінде жастар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын «жеңіл табыс» ұсыныстарымен жиі бетпе-бет келеді. Бұл ретте құқықтық сауаттылықтың жеткіліксіздігі, қоршаған ортаның әсері және анонимділік иллюзиясы оларды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту қаупін арттырады.

Сондықтан мұндай іс-шаралар тек эмоциялық әсермен шектелмей, саналы түсінуге басымдық береді. Фильмдерді талқылаумен ұштастыру студенттерге жай әсерден нақты қорытынды жасап, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Не книжные закладки» фильмі жасөспірімдерді есірткі заттарының заңсыз айналымына тарту мәселесіне арналған. Онда оңай табысқа ұмтылудың ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені көрсетіледі. Картина интернеттегі алғашқыда «зиянсыз» көрінетін ұсыныстардың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін айқын көрсетеді.

Ал «Хулиганка» фильмі кибербуллинг тақырыбын қозғайды. Сюжет желісінде әлеуметтік желілерде қысым мен қорлауға тап болған қыздың оқиғасы баяндалады. Авторлар онлайн-агрессияның адамның психологиялық жағдайына әсерін және мұндай жағдайларда бейжай қалмаудың маңыздылығын ашады.

Көрсетілімнен кейін студенттер талқылауға белсенді қатысты. Сұрақтар интернеттегі мінез-құлық пен оның салдарына қатысты болды: неге адамдар желіде шынайы өмірдегіден өзгеше әрекет етеді, ойланбай жазылған пікірлер қандай қателіктерге әкеледі және цифрлық беделдің маңызы неде.

Сондай-ақ практикалық мәселелер де қарастырылды: буллингтің куәсі болған жағдайда оны қалай тоқтатуға болады, қайда жүгіну керек және мұндай жағдайға тап болған адамға қолдау көрсетудің неге маңызды екені айтылды.

Спикерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы базалық білімге, сондай-ақ тәуекелдерді тану, күмәнді ұсыныстардан бас тарту және көмек сұрау жолдарына ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар қарапайым, бірақ маңызды тұжырымдар жасады: интернеттегі ақпаратқа сын көзбен қарау, күмәнді ұсыныстарға ермеу, өз әрекеттерінің салдарын ойлау және өзгелердің мәселесіне бейжай қарамау қажет.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың өз әрекеттеріне — шынайы өмірде де, цифрлық ортада да — саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.