26 ақпанда «Қарағанды индустриялық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамында «Жасыл күн тәртібі және индустриялық көшу: энергетика мен металлургия саласына арналған орнықты шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Erasmus+ бағдарламасының Орталық Азия университеттеріне арналған «GREEN DEAL» (GDCAU) халықаралық жобасы аясында, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының қолдауымен ұйымдастырылып, өнеркәсіпті экологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Дөңгелек үстел жұмысына университет басшылығының
өкілдері, ғалымдар, оқытушылар, магистранттар, сондай-ақ өңірдегі өнеркәсіп
кәсіпорындарының мамандары қатысты. Қатысушылар индустриялық өңір жағдайында
орнықты даму саясатын іске асырудың стратегиялық бағыттарын, көміртек ізін
азайту және өндірісті көміртексіздендіру мәселелерін, металлургиялық
кәсіпорындарды табиғи газды пайдалануға көшіруді, сондай-ақ болашақтағы төмен
көміртекті экономиканың негізгі элементтерінің бірі саналатын жасыл сутек
технологияларын енгізу перспективаларын талқылады.
Баяндамамен стратегия және интернационалдандыру
департаментінің директоры А.О. Чванова сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастықтың
негізгі бағыттарын және орнықты даму қағидаттарын ілгерілетудегі
университеттердің рөлін таныстырды. «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі С.Н.
Камарова энергетикалық жүйелерді жаңғыртудың ғылыми тәсілдеріне тоқталды.
«QARMET» акционерлік қоғамының орталық жылутехникалық зертханасының менеджері
В.И. Казаков өндірісте энергия үнемдейтін және экологиялық бағытталған
шешімдерді енгізудің тәжірибесімен бөлісті. Университет магистранттары да өз
зерттеулері мен ұсыныстарын ұсынып, экологиялық және технологиялық міндеттерді
шешуге жастардың жоғары деңгейде тартылғанын көрсетті.
Пікірталас барысында ғылым мен өнеркәсіп арасындағы өзара
байланысты нығайту, қолданбалы зерттеулерді дамыту және экономиканың «жасыл»
жаңғыруы жағдайында жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлау
қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысында қатысушылар
энергетика мен металлургия саласының орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін білім
беру ұйымдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығы күш біріктіруі тиіс екенін
атап өтті.
Дөңгелек үстел индустриялық секторда орнықты даму мен
экологиялық жауапкершілік қағидаттарын ілгерілетуде жүйелі диалог пен бірлескен
бастамалардың маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Photo Gallery