ЖИ-АГЕНТТЕР СТУДЕНТТЕР МЕН ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ ӨМІРІН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУДЕ

Бүгінде технологиялар университет өміріне терең енді. Студенттер мен оқытушылар күн сайын үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істейді — сабақ кестесі, диплом рәсімдеу ережелері, ғылыми мақалалар, оқу бағдарламалары, үйірмелер, психологиялық қолдау. Осылардың барлығын түсіну кейде оңай емес. Дәл осы жерде көмекке ЖИ-агенттер — университеттегі өмірді жеңілдетіп, ыңғайлы әрі жылдам ететін виртуалды көмекшілер келеді. Бұл туралы КарИУ-дің цифрландыру және киберқауіпсіздік департаментінің директоры Вадим Чванов жан-жақты айтып берді.

— ЖИ-агент дегеніміз не және оның университеттің күнделікті өміріндегі пайдасы қандай?

— Қарапайым тілмен айтсақ, ЖИ-агент — үнемі қолжетімді ақылды дос секілді. Ол қажетті аудиторияны қайдан табуға болатынын, дипломды қалай рәсімдеу керектігін, үйірменің қашан басталатынын немесе мақаланы жариялауға қалай дұрыс дайындау қажеттігін айтып береді. Мұны үлкен қаладағы навигациямен салыстыруға болады: адасып, уақыт жоғалтудың орнына, ЖИ қысқа жолды көрсетіп, кестедегі «кептелістер» туралы ескертеді. Студенттер мен оқытушылар үшін бұл — күніне жүздеген біртипті сұрақтарға жалықпай жауап беретін жеке анықтамалық.

— Университетте ЖИ-агенттер жүйесін енгізу қаншалықты қиын болды?

— Қарағанды индустриялық университеті Қазақстанда алғаш болып жасанды интеллект кафедрасын ашқан университет болды. Бұл тек дайын технологияларды пайдалану ғана емес, сонымен қатар жаңа шешімдер әзірленіп, болашақ мамандар даярланып, студенттер өз университетінде ЖИ-мен жұмыс істеудің бірегей тәжірибесін алады деген сөз. Бұл біз үшін маңызды қадам: өнеркәсіпке, білім мен ғылымға ЖИ енгізетін мамандар дайындалып жатыр, ал университет инновациялар мен заманауи технологиялар эксперименттерінің орталығына айналуда.

— Университеттегі ЖИ-агенттер жүйесі қалай құрылған? Бұл бір бот па, әлде көмекшілер желісі ме?

— Шын мәнінде, бұл — университет өмірінің әр саласына жауап беретін виртуалды көмекшілердің тұтас командасы, яғни мультиагенттік жүйе. Мұнда оқу корпустары мен сабақ кестесі бойынша бағыт беретін бот, мамандықтар мен құжаттар туралы ақпарат беретін талапкерлер агенті, дипломдық және курстық жұмыстар бойынша көмекші, тағылымдамалар мен алмасу бағдарламаларына арналған академиялық ұтқырлық агенті, студенттерге алғашқы қолдау көрсететін ЖИ-психолог, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агент және үйірмелер, секциялар мен іс-шаралар туралы хабарлайтын студенттік өмір агенті бар.

Қарапайым чат-боттар шаблон бойынша жұмыс істесе, біздің агенттер үлкен тілдік модельдер мен университеттің білім базаларын пайдаланады. Бұл олардың контексті ескеріп, алдын ала жазылған мәтінді жай қайталамай, нақты жауап беруіне мүмкіндік береді.

Жүйе модульдік және ауқымдалатын қағидаттар негізінде құрылған: әр агент — өз білім базасы бар дербес сервис, бірақ олардың барлығы ортақ SDK, оқиғалар шинасы және орталық пайдаланушылар тізілімі арқылы байланысқан. Егер агент жауапты білмесе, ол бұл туралы ашық айтып, қажет болған жағдайда студентті нақты маманға бағыттайды. Барлық платформа университеттің жеке серверінде жұмыс істейді, бұл деректерді бақылауға және сыртқы бұлттық жүйелерге тәуелді болмауға мүмкіндік береді.

— ЖИ-агенттермен қандай тәсілдер арқылы байланысуға болады?

— Telegram-боттан бөлек, университетте дауыстық енгізу және жауаптарды дыбыстау функциясы бар сенсорлық ақпараттық киоск жұмыс істейді. Кез келген келуші — талапкер, ата-ана немесе қонақ — экранға келіп, үш тілдің бірінде дауыспен сұрақ қойып, сол сәтте мәтін және дыбыс түрінде жауап ала алады.

Университет қызметкерлері үшін он бір модулі бар басқару панелі қарастырылған. Оның көмегімен барлық агенттердің жұмысын бақылауға, студенттердің сұраныстарын талдауға, білім базалары мен FAQ-тарды басқаруға, ЖИ-модельдерді баптауға және тіпті қолжетімді он тоғыз функцияның ішінен қажеттісін таңдап, жаңа агенттер құруға болады. Бұл жүйені жаңа міндеттер мен пайдаланушылардың қажеттіліктеріне тез бейімдеуге мүмкіндік береді.

— Бүгінде студенттер ЖИ-агенттерді қалай пайдаланады және бұл сіздің студенттік жылдарыңыздан несімен ерекшеленеді?

— Мен оқыған кезде интернет әлі болмаған. Мақала немесе әдістемелік құрал табу үшін кітапханаға барып, каталогтарды ақтарып, беттерді қолмен көшіруге тура келетін — мыңдаған сөренің арасындағы нағыз квест еді. Қазір студенттер ЖИ-агент арқылы бірнеше секунд ішінде жауап ала алады: AL Дипломник көмегімен диплом рәсімдеу талаптарын тексеріп немесе AL Навигатор арқылы корпус пен сабақ кестесін табады. Кейде қазіргі студенттерге қызығамын — соншама күнделікті жұмыс жоғалып, тек бастысы: оқу мен зерттеу қалды.

— Ақпаратқа осындай жеңіл қолжетімділік студенттердің көбірек көшіруіне әкелмей ме және ЖИ оқытушыны алмастыра ала ма?

— Жоқ, ЖИ-агенттер студенттердің орнына жұмыс істемейді және плагиатқа итермелемейді. Олар ережелерді түсінуге, ақпарат табуға және дұрыс жұмыс істеуге көмектеседі. Ал оқытушының орны бөлек: ол ынталандырады, күрделі дүниелерді түсіндіреді, пікірталас жүргізеді және сыни ойлауды бағалайды. ЖИ — калькулятор секілді: ол күнделікті жұмысты жеңілдетеді, бірақ ойлау процесінің өзін алмастырмайды.

Нәтижесінде ЖИ-агенттер университет өмірін ыңғайлы әрі тиімді етіп, оқу мен зерттеуге көбірек уақыт босатады. Бірақ олар оқытушының орнына емес, оқытушымен бірге жұмыс істейді.