ҚАРИУ ЖАСЫЛ СУТЕГІ ЖӘНЕ POWER-TO-X ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТТЕРДІ ДАМЫТУДА

Қарағанды индустриялық университеті 24–28 тамыз аралығында С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында өтіп жатқан Power-to-X (PtX) жаңартылатын технологиялары бойынша халықаралық Training of Trainers (ToT) тренингіне қатысуда.

Бағдарлама Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 14 маманды біріктірді. Оқыту жасыл сутегі мен Power-to-X технологиялары саласындағы кәсіби, техникалық және педагогикалық құзыреттерді дамытуға бағытталған.

Қатысушылар жасыл сутегіні өндіру және қолдану технологияларын, PtX-тің экономикалық аспектілерін, инфрақұрылым мен нарықтарды дамыту мәселелерін, тұрақты даму, мемлекеттік саясат және сертификаттау бағыттарын зерделеуде. Теориялық сабақтар практикалық жұмыстармен, топтық сессиялармен, презентациялармен және оқу сапарларымен толықтырылған.

Алынған білім сутегі энергетикасының заманауи бағыттарын білім беру бағдарламаларына енгізуге, арнайы оқу материалдарын әзірлеуге және жинақталған тәжірибені әріптестер мен студенттер арасында таратуға мүмкіндік береді.

ҚарИУ-дың халықаралық тренингке қатысуы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейтуге және тұрақты әрі төмен көміртекті энергетиканың болашағы үшін білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.