ҚАРИУ – МЕТАЛЛУРГИЯ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТКІЗІЛГЕН АЛАҢ

5 мамыр күні Қарағанды индустриялық университеті базасында Цифрландыру және жасанды интеллект жылы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы 35 жылдығына арналған металлургия бойынша халықаралық олимпиада өз мәресіне жетті.

Биылғы олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен қатысушылар жиналды.

Қатысушылар қатарында:
— Қарағанды индустриялық университеті;
— Исхак Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті;
— Ислам Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университеті;
— Григорий Носов атындағы Магнитогорск мемлекеттік техникалық университеті (көпсалалы колледжі);
— «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі;
— Павлодар политехникалық жоғары колледжі;
— Ақсу қара металлургия колледжі;
— Әлихан Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі;
— Түсті металлургия жоғары колледжі;
— ҚарИУ жанындағы техника-экономикалық колледж;
— Теміртау жоғары политехникалық колледжі.

Екі күнге созылған мазмұнды кезеңде қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, инженерлік ойлау қабілетін және кәсіби дамуға деген ұмтылысын көрсетті. Олимпиада тек бәсекелестік алаңы ғана емес, сонымен қатар білім мен идея алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берген маңызды платформаға айналды.

Теміртау қаласы үшін металлургия — жай ғана сала емес, оның дамуы мен болмысының негізі. Дәл осы жерде болашақ инженерлер, зерттеушілер және индустрия көшбасшылары қалыптасады.

Бұл үдерісте Қарағанды индустриялық университеті ерекше рөл атқарады. Университет — металлургия саласының базалық жоғары оқу орны, оның базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы Қарағанды филиалы жұмыс істейді. ҚарИУ жоғары білікті мамандар даярлап, өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатып, дуалды оқытуды енгізіп, ғылыми зерттеулерді белсенді дамытып келеді.