КАРИУ — ЖАСЫЛ БОЛАШАҚ ҮШІН

17 қыркүйекте Қарағанды индустриялық университетінде «Тұрақты даму және қазіргі әлемдегі жасыл трансформацияның рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Erasmus+ бағдарламасының GREEN DEAL for Central Asian Universities (GDCAU) халықаралық жобасы және республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге шетелдік ғалымдар, университет оқытушылары мен қызметкерлері, студенттер және магистранттар қатысты. Қатысушылар экономикалық дамуды табиғатқа ұқыпты қараумен қалай үйлестіруге болатынын, өнеркәсіп пен энергетиканың қоршаған ортаға әсерін қалай азайтуға, ресурстарды тиімдірек пайдалануға және жастарды экологиялық міндеттерді шешуге қалай тартуға болатынын талқылады.

Кездесуді «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент Сауле Камарова жүргізді. Өз баяндамасында ол тұрақты дамуды болашақ қоғамның негізі ретінде қарастырып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы, мамандарды даярлаудағы және заманауи технологиялық шешімдерді әзірлеудегі университеттердің рөлін атап өтті.

Қатысушылармен халықаралық тәжірибесімен София технологиялық университетінің (Болгария) «Жылу энергетикасы және ядролық энергетика» кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Калоян Христов бөлісті. Ол энергетика мен өнеркәсіпті декарбонизациялауға, шығарындыларды азайтуға және төмен көміртекті технологияларды енгізуге қатысты заманауи еуропалық тәсілдер туралы айтып берді.

ТиЭТ-26 нпм тобының магистранты Александр Онищенко экономиканы және энергетиканы жасыл трансформациялау туралы баяндама жасады. «Энергетика» кафедрасының аға оқытушысы Ольга Онищенко экологиялық жауапты өмір салтына көшу үдерісіндегі білім берудің, ғылымның және әрбір адамның рөліне тоқталды.

Талқылаудың жеке тақырыбы «Таза Қазақстан» бастамасы болды. Қатысушылар университет пен студент жастардың аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға, суды және энергияны ұтымды пайдалануға, қалдықтарды азайтуға және экологиялық мәдениетті дамытуға қосатын үлесін қарастырды.

«Жасыл университет: қатысушылардың идеялары мен ұсыныстары» пікірталас алаңы аясында одан әрі жұмыстың практикалық бағыттары айқындалды. Олардың қатарында энергия мен суды үнемдеу, университет ғимараттарының энергия тиімділігін арттыру, қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, экологиялық ағарту, сондай-ақ жасыл технологиялар саласындағы ғылыми және студенттік жобаларды дамыту бар.

Дөңгелек үстел ғылыми білім мен халықаралық тәжірибе алмасу алаңына айналды. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар КарИУ-дың экологиялық және ғылыми-білім беру бастамаларын одан әрі дамыту, студенттерді жасыл жобаларға тарту және шетелдік университет-серіктестермен ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсынымдар әзірледі.