КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

2 наурызда Қарағанды инлустриялық университетінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын және алдағы республикалық референдумды талқылауға арналған диалог алаңы өтті.

Кездесу барысында қатысушылар жобаға енгізілген негізгі ережелерді, оның елдің одан әрі дамуы үшін маңызын, сондай-ақ маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауда азаматтардың рөлін талқылады. Референдумға қатысу азаматтық жауапкершіліктің және қоғамның белсенді ұстанымының маңызды көрінісі ретінде ерекше атап өтілді.

Іс-шараның спикерлері — Теміртау қалалық «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Ажиков Нұржан Хамидуллаевич және Теміртау қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Қалқаман Нұрлыхан. Олар ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндіріп, студенттер мен университет қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді және алдағы дауыс беруге әрбір азаматтың саналы түрде қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Диалог алаңы ашық талқылау форматында өтті. Кездесуге қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, қызықтырған сұрақтарын қойып, білікті түсіндірмелер алды. Іс-шара пікір алмасуға және жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға арналған маңызды алаңға айналды.