ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША ОЛИМПИАДА ҚАРИУ-ДЕ

Қарағанды индустриялық университеті базасында жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға және жастардың өзекті құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыру аясында қалалық қаржылық сауаттылық олимпиадасы өтті. Университет қаржылық ағартушылық бағытын жүйелі түрде дамытып, дарынды мектеп оқушыларын анықтау мен қолдауға арналған тиімді алаң қалыптастырып келеді.

4 наурыз күні ҚарИУ-дің Экономика және құрылыс факультетінің базасында Теміртау қаласы мектептерінің 11-сынып оқушыларына арналған олимпиада ұйымдастырылды. Зияткерлік сайысқа қызығушылық жоғары болды: қатысуға қаланың 11 мектебінен және Бұқар жырау ауданындағы КГУ «Талғат Бигелдинов атындағы ЖББМ» мектебінен барлығы 25 өтінім келіп түсті.

Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін және академиялық адалдықты көрсетті: тапсырмалар телефондар мен қосымша көмек құралдарын пайдаланусыз орындалды. Қазылар алқасы мектеп оқушыларының стандарттан тыс ойлау қабілетін, қаржылық жағдайларды талдау және күрделі есептеулер жүргізу дағдыларын ерекше атап өтті. Олимпиада білімді тексерумен қатар, қатысушылардың аналитикалық қабілеттерін және қаржылық құралдарды практикалық тұрғыда түсіну деңгейін көрсетуге мүмкіндік берді.

Іс-шараның маңыздылығын серіктестердің қолдауы арттыра түсті. Жүлде қоры FINGRAM by Dmitriy Kazantsev (ЧК The GAME) жобасының қолдауымен ұсынылды. Бұл қатысушылар үшін қосымша ынталандыру болып, қаржылық сауаттылықты зерделеудің практикалық маңызын айқындай түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай бастамалармен ынтымақтастық орнату мектеп оқушыларының білімін объективті бағалауға ғана емес, сонымен қатар олардың қаржылық мәдениет пен жеке қаржылық қауіпсіздікті қалыптастыруға деген ұмтылысын ынталандыруға мүмкіндік береді.

Олимпиада қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленгендер:
І орын — Саматқызы Сая (КГУ «№8 ЖББМ»);
ІІ орын — Бирюкова Ульяна (КГУ «Гимназия №1»);
ІІІ орын — Ердаулетов Асылжан (КММ «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейі).

Университет барлық қатысушыларға белсенділігі мен жеңіске деген жігері үшін шынайы алғыс білдіреді, серіктестерге — өңірдің білім беру әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіреді, сондай-ақ Теміртау қаласының білім бөліміне және Қарағанды облысы білім басқармасына іс-шараны ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы мен ықпалы үшін алғыс айтады.

Аталған олимпиада жастарға салынған зияткерлік инвестиция — ел болашағына салынған сенімді инвестиция екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.