Барлығы бір ғана қысқа бейнероликтен басталуы мүмкін. Өзіне сенімді адам
өзгенің мәселелеріне кім кінәлі екенін байыппен түсіндіріп, күрделі сұрақтарға
қарапайым жауаптар ұсынады. Алгоритм қызығушылықты байқап, соған ұқсас
жарияланымдарды көбірек көрсете бастайды. Бірте-бірте адам тек бір ғана
көзқарас айтылатын ақпараттық ортаға тап болады, ал күмәндану әлсіздік немесе
сатқындық ретінде қабылданады.
Қауіпті идеялар сирек жағдайда өз атауымен ұсынылады. Олар әділдік, сенім,
ақиқатты іздеу немесе ерекше қауымдастыққа тиесілі болу туралы әңгімелердің
астарында жасырынады. Сондықтан манипуляторлардың ықпалына тек сенгіш
жасөспірім ғана емес, жалғыздықты, жанжалдарды, жақынынан айырылуды немесе
эмоционалдық қажуды бастан өткеріп жүрген кез келген адам түсуі мүмкін.
Қарағанды индустриялық университетінде студенттерге медиасауаттылық,
цифрлық қауіпсіздік және деструктивті ықпалды тану тәсілдері туралы
түсіндіріледі. Адамның мұндай ортаға қалай тартылатыны және жақындары оған
қалай көмектесе алатыны туралы КарИУ психологиялық қызметінің жетекшісі
Анжелика Ярута айтып берді.
— Анжелика, манипуляторлардың ықпалына көбіне тұйық және білімі төмен
адамдар түседі деген рас па?
— Жоқ, бұл жағдайда интеллект деңгейі қорғаныс бола алмайды.
Манипуляторлардың ықпалына ақылды, білімді және білуге құштар адамдар да түсуі
мүмкін. Адам өміріндегі күрделі кезеңді: жалғыздықты, депрессиялық жағдайды,
жанжалды, бұрынғы өмірлік бағдарларынан айырылуды немесе ақпараттық шамадан тыс
жүктемені бастан өткерген кезде қауіп арта түседі. Кейде адам өзінің қаншалықты
шаршағанын және қолдауға қаншалықты мұқтаж екенін өзі де байқамайды.
Адам өзі үшін маңызды сұрақтарға жауап іздеп, белгілі бір тақырыпты
тереңірек зерттей бастайды және оған түсінікті түсіндірме мен жылдам шешім
ұсынатын адамды кездестіреді. Манипуляторлар тыңдай біледі, эмоциялық тұрғыдан әсер
ететін сөздерді табады және «Ақыры мені түсінетін адам табылды» деген сезім
қалыптастырады. Ол үшін әрдайым арнайы білім қажет емес. Адамдарды жақсы
түсіну, олардың осал тұстарын байқау және сенімге ие бола білу жеткілікті.
Әсіресе жанында өзін
сабырмен тыңдап, жағдайды түсінуге көмектесетін адамы жоқ адамдарға қиын.
Мұндай жағдайда олар жауапты интернеттен іздеуді жалғастырады. Күрделі
сұрақтарға қызығушылық танытудың өзі қалыпты жағдай. Қауіп адам әртүрлі
дереккөздердің орнына тек бір ғана көзқарасты қабылдап, бірте-бірте оны тексеру
қабілетін жоғалтқан кезде туындайды.
— Неліктен адамдар кейде
интернеттегі бейтаныс адамға жақындарынан гөрі көбірек сенеді?
— Ұзақ уақыт бойы баспа
және телевизиялық ақпарат редакциялар мен ресми құрылымдардың сүзгісінен
өтетін. Көпшілігінде жазылған немесе экраннан сенімді түрде айтылған ақпаратты
шындық деп қабылдау әдеті сақталып қалған. Алайда бүгінде материалдарды кез
келген адам жариялай алады. Әлеуметтік желілер бұл әсерді күшейтеді: бір ой
қайта-қайта қайталанып, бірте-бірте көпшілік мойындаған пікір сияқты көріне
бастайды. Сондықтан сырттай сенімді көріну ақпараттың шынайы екенін
білдірмейді. Автордың кім екенін, оның тұжырымдары неге негізделгенін және
мәліметтерді тексеруге болатынын анықтау маңызды.
— Адамды мұндай ортаға
тарту қалай басталады?
— Алдымен адамға өзіне
жетіспейтін нәрсе ұсынылады: назар, жанашырлық, белгілі бір ортаға тиесілі болу
сезімі немесе дайын жауап. Осы кезеңде адам кейде өзі жоспарлағаннан да көп
жеке ақпаратпен бөліседі: отбасы, оқуы, жанжалдары, күнделікті жүретін
бағыттары мен қорқыныштары туралы әңгімелейді. Әлеуметтік желілердегі ашық
парақшалар бұл мәліметтерді толықтыра түседі. Кейін бұл ақпаратты қысым
көрсету, қорқыту немесе енді кері қайту мүмкін емес екеніне сендіру үшін
пайдалануы мүмкін. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік тек сенімді құпиясөздермен
шектелмейді, сонымен қатар бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасауда сақ болуды
да талап етеді.
Адамға болып жатқан
жағдайды өз бетінше бағалаудан бас тарту ұсынылған кезде алаңдауға негіз бар.
Әлемді «өзіміздікі» және «өзгелер» деп бөле бастайды, кез келген қарсылық
дұшпандық ретінде, ал күмәндану сатқындық ретінде бағаланады. Адам жаңа топты
өзінің қауіпсіздігімен және өзін-өзі бағалауымен неғұрлым тығыз байланыстырса,
одан алыстауы соғұрлым қиындайды. Ол үшін маңызды болған идеялардан ғана емес,
өзіне жақын болып кеткен адамдардан да айырылып қалудан қорқады.
— Жақындары қандай
белгілерге назар аударуы керек?
— Тек киіміне,
діндарлығына немесе жаңа әуестігіне қарап қорытынды жасауға болмайды.
Белгілердің жиынтығына назар аудару маңызды: адамның күрт тұйықталуы, бұрынғы
қарым-қатынастарынан бас тартуы, құпияшылдық танытуы, өзге көзқарастарды
агрессивті түрде қабылдамауы және топ талаптарын бұзудан қорқуы. Егер адам
біреуге ақша берсе, қорқытуға ұшыраса, кездесулерін жасырса немесе өзіне не
өзгелерге зиян келтіруді қалыпты деп санаса, бұл ерекше алаңдаушылық туғызуы
тиіс.
Шекара мәжбүрлеу пайда
болған кезде бұзылады. Егер адамды отбасынан, оқуынан немесе жұмысынан бас
тартуға мәжбүрлесе, қорқытса, өшпенділікке итермелесе немесе құқыққа қайшы
әрекеттер жасауға үгіттесе, бұл енді еркін таңдау емес, деструктивті ықпал
болып саналады.
— Өзгенің ықпалына түсіп
қалған адаммен қалай сөйлесу керек?
— Ашық дауласу, мазақ ету
және қатаң қысым көрсету көбіне алшақтықты күшейтеді. Ең бастысы — байланысты
үзбеу: қауіпті әрекеттерді қолдамай, сонымен бірге көмектің әрдайым қолжетімді
екенін білдіру. Мысалы: «Егер қорқып қалсаң немесе қиын жағдайға тап болсаң,
маған хабарлас. Мен сені тыңдап, көмектесемін» деп айтуға болады. Өз бетінше
ойлау қабілетінің қайта қалыптасуы сирек жағдайда бір ғана әңгімеден кейін
жүзеге асады. Сондықтан мұндай жағдайдан шығу үшін шыдамдылық пен қауіпсіз
мүмкіндік қажет.
— Көмек алу үшін кімге жүгінуге
болады?
— Діни мәселелер бойынша
білікті теолог немесе дін мәселелері жөніндегі маман көмектесе алады, ал
психолог мазасыздықты, кінә сезімін және өзгенің мақұлдауына тәуелділікті
еңсеруге көмектеседі. Студент университеттің психологиялық қызметіне немесе өзі
сенетін қызметкерге жүгіне алады. Егер қорқыту әрекеттері орын алса, ақша
бопсаланса немесе құқыққа қайшы әрекет жасау талап етілсе, құқық қорғау
органдарына жүгіну қажет.
КарИУ баспасөз қызметі
Фотогалерея