КАРИУ РЕКТОРЫ RECTORS’ CLUB: CENTRAL ASIA+ VIII ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

2026 жылғы 2 қазанда Астанада «Қарағанды индустриялық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы — ректор Бахыт Ахатович Жаутиков «Университеттер ЖИ-ден кейін: жаңа көшбасшылық, адами өлшем және Орталық Азия+ университеттерінің болашағы» тақырыбында өткен Rectors’ Club: Central Asia+ VIII отырысына қатысты.

Кездесу Qazaq AI Research University (QAIRU) базасында өтті. Ұйымдастырушылар ретінде Almaty Management University (AlmaU) және QAIRU сөз сөйледі. Жоғары оқу орындарының басшылары мен халықаралық сарапшылар жасанды интеллектінің университеттік білім беруге, ғылыми зерттеулерге, басқаруға және индустриямен өзара іс-қимылға әсерін талқылады.

«ЖИ дәуіріндегі ойлау: автоматтандырудан реляциялық университетке дейін» тақырыбындағы негізгі баяндамамен Сакраменто қаласындағы Калифорния мемлекеттік университеті білім беру факультетінің профессоры (АҚШ), бұған дейін Chief AI Officer қызметін атқарған, Universities After AI кітабының тең авторы Александр Сидоркин сөз сөйледі. Баяндама ЖИ-дің университеттің базалық функцияларын: білім қалыптастыруды, оқытуды, диплом беруді, академиялық еңбекті және институционалдық модельдерді қалай өзгертетініне арналды.

«ЖИ жағдайындағы адам және университет» атты панельдік пікірталас аясында ChangeSchool даму жөніндегі директоры, executive education, инновациялар және кәсіпкерлікті дамыту саласындағы сарапшы Нил Маршалл және Nazarbayev University зерттеулер мен инновациялар жөніндегі вице-провосты Бьёрн Биргиссон сөз сөйледі.

Отырыстың нәтижелерінің бірі жоғары білім беруді адамға бағдарланған трансформациялаудың және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың ортақ басымдықтарын көрсететін Astana AI Declaration 2026 — университеттердің ЖИ жөніндегі Астана декларациясын әзірлеу болды.

КарИУ үшін отырысқа қатысу жетекші сарапшылармен және жоғары оқу орындарының басшыларымен тәжірибе алмасуға, инженерлік кадрларды даярлауда ЖИ қолдануды талқылауға және өңір университеттерімен серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.

#KarIU #RectorsClub #AlmaU #QAIRU #