Қарағанды индустриялық университетінде «Заң және тәртіп» республикалық
жобасы аясында цифрлық және қаржылық қауіпсіздікке арналған семинар өтті.
Қатысушыларға дербес деректер мен банктік шоттарды қалай қорғау, алаяқтарды
қалай тану және алдауға тап болған жағдайда қалай дұрыс әрекет ету керектігі
туралы айтылды.
Бүгінде адамдардың барлығы дерлік мобильді банктік қосымшаларды, әлеуметтік
желілер мен электрондық сервистерді пайдаланады. Цифрлық технологиялар
қолайлылықпен қатар белгілі бір қауіптерді де тудырады. Қаскүнемдер
азаматтардың жеке ақпаратына, парольдері мен қаражатына қол жеткізуге тырысып,
үнемі жаңа алаяқтық схемаларын ойлап табуда. Сондықтан қауіпсіздіктің негізгі
ережелерін білу қажетті дағдыға айналып отыр.
Іс-шара «Жаңару» РҚБ қолдауымен, сондай-ақ «Жастармен» жобасы аясында өтті.
Семинарға қатысушылармен практикалық ұсынымдармен Теміртау прокуратурасының
өкілдері Әсел Мусабекова мен Индира Исина, Теміртау қаласындағы Halyk Bank
бөлімшесінің басшысы Екатерина Тлеубаева, банктің аға менеджері Валерия
Алантьева, «Қарағанды индустриялық университеті» КеАҚ сыбайлас жемқорлыққа
қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Самал Ибрагимова және университет омбудсмені
Гүлдана Дайырбекова бөлісті.
Спикерлер цифрлық және қаржылық алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдері
туралы айтып, бөгде адамдарға парольдерді, SMS арқылы келген кодтарды, банк
карталарының деректерін және басқа да құпия ақпаратты неге хабарлауға
болмайтынын еске салды. Адам алаяқтарға алданып қалған немесе күдікті
белсенділікті байқаған жағдайларда әрекет ету алгоритміне ерекше назар
аударылды.
Мұндай кездесулер студенттердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын
арттыруға, жеке деректерге жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және цифрлық
ортада қауіпсіз мінез-құлықты үйренуге ықпал етеді. Семинардың негізгі
қорытындысы қарапайым болды: мұқият болу, сақтық таныту және мамандарға уақтылы
жүгіну алаяқтардың құрбаны болу қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік
береді.
Фотогалерея