Қарағанды индустриялық университетінің студенттері білім
алып қана қоймай, өндірісте нақты тәжірибе жинақтайды. Дуалды оқытудың
арқасында олар оқуын кәсіпорындағы жұмыспен ұштастырып, еңбекақы алады және
оқуын аяқтамай тұрып-ақ кәсіби мансабын қай жерде бастайтынын біледі.
Қазіргі заманғы кәсіпорындарға университетті бітіргеннен
кейін бірден жұмысқа кірісуге дайын мамандар қажет. Сондықтан ҚарИУ теориялық
білімді өндірістегі тұрақты тәжірибемен ұштастыратын дуалды оқыту форматын
белсенді дамытып келеді.
Дуалды оқыту барысында студенттер университетте теориялық
білім алып, сонымен қатар кәсіпорында жұмыс істейді. Білім беру бағдарламасының
шамамен үштен бір бөлігін теория құраса, оқудың негізгі бөлігі нақты өндіріс
жағдайында өтеді. Мұндай тәсіл мамандықты меңгеріп қана қоймай, болашақ
жұмыстың барлық ерекшеліктерін оқу кезінде-ақ түсінуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды артықшылық — жұмыс берушілердің мамандар
даярлауға тікелей қатысуы. Кәсіпорындар өздеріне қандай мамандар қажет екенін
анықтап, студенттермен келісімшарт жасайды және олардың оқу ақысын толық немесе
ішінара төлей алады. Жұмыс істеген уақыты үшін студенттер еңбекақы алып,
әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланады. Университетті бітіргеннен кейін түлектер
өздерін болашақ қызметкер ретінде даярлаған кәсіпорында жұмысын жалғастыра
алады.
Бүгінде дуалды оқыту бірнеше білім беру бағдарламасының
студенттеріне қолжетімді. Олардың қатарында бағдарламалық инженерия,
автоматтандыру жүйелерінің инженериясы, материалтану, өнеркәсіптің
технологиялық жабдықтары, өнеркәсіптік нысандарды энергиямен қамтамасыз ету,
өнеркәсіптік, экологиялық және өрт қауіпсіздігі, материалдарды қысыммен өңдеу,
сондай-ақ органикалық заттардың химиялық технологиясы бар.
Университеттің серіктестері — еліміздің жетекші
кәсіпорындары: Qarmet АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Имсталькон-Теміртау»
ЖШС, QazTehna ЖШС және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ.
Дуалды оқытуға тұтас оқу топтары да, жекелеген студенттер де
қатыса алады. Көбіне оған базалық кәсіби дайындықтан өткен 3–4 курс студенттері
кіріседі. Үміткерлерді іріктеу кезінде жұмыс берушілер білім деңгейімен қатар
жауапкершілікке, ұжымда жұмыс істей білуге және мамандық бойынша дамуға деген
ұмтылысқа назар аударады.
Дуалды оқытуды өндірістік тәжірибемен шатастырмау керек.
Өндірістік тәжірибе — белгілі бір уақытқа созылатын және мамандықпен танысуға
мүмкіндік беретін оқу процесінің бір бөлігі. Ал дуалды оқыту университеттегі
сабақтар мен кәсіпорындағы жұмыстың тұрақты түрде кезектесіп отыруын көздейді.
Студент еңбек ұжымының бір бөлігіне айналып, нақты өндірістік міндеттерді
орындау тәжірибесін жинақтайды және болашақ мамандығын біртіндеп меңгереді.
Еңбекақы мөлшері кәсіпорынға, атқаратын қызметке және
студенттің біліктілігіне байланысты. Бұл ретте мемлекеттік білім беру гранты
бойынша оқитын студенттер жұмыс берушіден еңбекақы алумен қатар стипендиясын да
алуды жалғастырады.
Мұндай тәсілдің тиімділігі тәжірибеде дәлелденіп отыр.
Кәсіпорын гранттары бойынша білім алып, өндірісте ақылы даярлықтан өткен
түлектер механик, құрылысшы, металлург және энергетик мамандықтары бойынша
табысты еңбек етуде.
Тәжірибеге бағытталған білім беруді дамытуға ҚарИУ
кафедралары филиалдарының желісі де ықпал етеді. Бүгінде университеттің
Қарағанды облысындағы жетекші кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарында жұмыс
істейтін 14 кафедра филиалы бар. Мұнда бейіндік пәндер бойынша сабақтар
өткізіліп, студенттер заманауи жабдықтармен жұмыс істейді, нақты өндірістік
жобаларға қатысады және кәсіпорындарда қолданылатын технологиялармен танысады.
Мұндай оқыту форматы болашақ мамандардың кәсіби ортаға тез
бейімделуіне, ал жұмыс берушілердің ұзақ мерзімді тағылымдаманы қажет етпейтін,
жұмысқа дайын мамандарды тартуына мүмкіндік береді. Қарағанды индустриялық
университеті түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейінің бірнеше жыл бойы тұрақты
түрде шамамен 90 пайызды құрауы да кездейсоқ емес.
Дуалды оқыту ҚарИУ-да білім алудың басты артықшылықтарының
біріне айналып келеді. Ол студенттерге болашаққа сенімділік береді, диплом
алғанға дейін кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік жасайды және оқудан еңбек
жолына өтуді барынша жеңіл әрі тиімді етеді.
Фотогалерея