Жасанды интеллект оқу
тапсырмаларын құрастыруға, жұмыстарды тексеруге және әрбір студенттің білім
деңгейін ескере отырып, оқу материалдарын таңдауға көмектесіп келеді. Алайда
жаңа мүмкіндіктермен қатар бірқатар сұрақтар да туындайды: оқытушының рөлі
қалай өзгеруде, жасанды интеллектке сенуге бола ма және пайдалы құрал мен
академиялық адалдықты бұзудың арасындағы шекара қай жерде?
Осы және басқа да тақырыптар
Қарағанды индустриялық университетінде талқыланды. Мұнда 24 қарашада Қазақстан
Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдығына орайластырылған
«Болашақтың білімі: жасанды интеллект және білім берудегі инновациялық
тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Дәстүр бойынша
тәжірибе алмасу, жаңа зерттеулерді таныстыру және бірлескен жобаларды талқылау
мақсатында шетелдік серіктестер де қатысуға шақырылды.
Биылғы жылдың негізгі
шетелдік қонақтары Шығыс Қытай технологиялық университетінің өкілдері болды.
Теміртауға университет кеңесінің төрағасы Zhang Fuqing және Перспективалы
ресурстар мен қоршаған орта зерттеулері институты директорының орынбасары,
профессор Ling Mingxing келді.
Шығыс Қытай технологиялық
университеті уранды байыту технологиялары саласында жұмыс істейтін Қытайдың
жетекші жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. КарИУ-мен ынтымақтастық өткен
жылы университеттер алғашқы меморандумға қол қойған кезде басталды. Қазіргі
сапар осы жұмыстың жалғасы болды.
Конференция барысында тараптар
жаңа меморандумға қол қойды. Ол қос дипломды білім беруді дамыту және КарИУ
базасында уранды байыту зертханасын құруды көздейді. Зертхананы келесі жылы ашу
жоспарланып отыр. Оның Қазақстандағы университет жанындағы осындай бейіндегі
алғашқы зертхана болатыны күтілуде.
Мұнда студенттер оқу
барысында заманауи технологиялармен таныса алады, ал оқытушылар мен ғалымдар
қытайлық әріптестерімен бірлескен зерттеулер жүргізе алады. Жоба атом және
тау-кен өнеркәсібі салалары үшін мамандар даярлауға және жаңа ғылыми бағыттарды
дамытуға ықпал етеді.
Конференцияның тағы бір
маңызды оқиғасы Til Lab тілдік зертханасының ашылуы болды. Жаңа кеңістік қазақ,
орыс, ағылшын және қытай тілдерін үйренуге арналған.
Зертханада оқытушылармен
бірге де, жасанды интеллект жаттықтырушысының көмегімен де білім алуға болады.
Ол дайындық деңгейін ескере отырып, тапсырмалар таңдайды, айтылымды жетілдіруге
және сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Мұндай формат әрбір студентке
өзіне ыңғайлы қарқынмен білім алып, көбірек тәжірибе жасауға мүмкіндік береді.
Пленарлық отырыстан кейін
жұмыс төрт секцияда жалғасты. Қатысушылар жеке білім беру бағдарламаларын, жаңа
педагогикалық тәжірибелерді, оқу орындарының цифрлық дамуын, жасанды интеллект
дәуіріндегі студенттер мен оқытушылардың құқықтарын, сондай-ақ жасанды
интеллектіні этикалық және жауапкершілікпен пайдалану мәселелерін талқылады.
Конференцияға барлығы
120-дан астам баяндама келіп түсті. Өз зерттеулерін Қазақстан, Қытай,
Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Украина және Түрікменстан ғалымдары мен
оқытушылары ұсынды. Талқылауға цифрлық технологиялар саласындағы мамандар,
барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының және өнеркәсіптік компаниялардың
өкілдері де қатысты.
Негізгі тақырыптардың
бірі жеке оқыту болды. Жасанды интеллект студентке қандай тапсырмаларды орындау
қиындық туғызатынын анықтап, қолайлы материалдарды таңдап, өзіне ыңғайлы
қарқынмен алға жылжуына көмектесе алады. Сонымен қатар қатысушылар
технологиялар оқытушыны алмастырмайтынын атап өтті. Олар тек оқытушыға қосымша
құралдар ұсынады, ал білім беру мазмұны мен сапасына жауапкершілік адамға
жүктеледі.
Оқу орындарының цифрлық
дайындық мәселелері де сөз болды. Жаңа шешімдерді енгізу үшін жабдық сатып алу
немесе бағдарлама орнату жеткіліксіз. Ол үшін білікті оқытушылар, деректермен
жұмыс істеудің түсінікті ережелері және жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен
шектеулеріне саналы көзқарас қажет.
Академиялық адалдық
мәселесіне де жеке талқылау арналды. Бүгінде нейрондық желілердің көмегімен
студент бірнеше минут ішінде дайын мәтін, есептің шешімі немесе презентация ала
алады. Сондықтан оқытушылар білімді тексеру тәсілдерін өзгертуге, өз бетінше ой
қорытуға бағытталған тапсырмаларды көбірек беруге және студенттерді жасанды
интеллектіні қашан және қандай мақсатта пайдаланғанын ашық көрсетуге үйретуге
мәжбүр.
Фотогалерея