17 маусым күні Қарағанды
индустриялық университетінде университет басшылығы мен қызметкерлерінің Harvard
ManageMentor корпоративтік оқыту курстары мен Harvard Business Publishing
Collection платформасын ілгерілету жөніндегі Harvard Business Publishing компаниясының
ресми серіктесі – KAZMEDIA HOLDING компаниясының өкілдерімен кездесуі өтті.
Іс-шара аясында жоғары білім беру
ұйымдарына арналған көшбасшылық және басқарушылық құзыреттерді дамыту
бағытындағы заманауи шешімдер таныстырылды. Презентацияны бизнесті дамыту
жөніндегі директор Бақытжан Оспанәлі мен корпоративтік оқыту өнімдері жөніндегі
директор Нұрдәулет Шәрен жүргізді.
Кездесуге қатысушыларға заманауи
басқару, көшбасшылық, стратегиялық ойлау және ұйымдық тиімділік дағдыларын
дамытуға бағытталған Harvard Business Impact цифрлық білім беру платформасының
мүмкіндіктері таныстырылды. Негізгі назар Harvard ManageMentor және HBR Spark
бағдарламаларына аударылды. Бұл бағдарламалар басшылардың, оқытушылардың және
әкімшілік қызметкерлердің негізгі жұмысынан қол үзбей үздіксіз кәсіби білім
алуына мүмкіндік береді.
Компания өкілдерінің айтуынша,
платформа көшбасшылық, команда басқару, стратегиялық жоспарлау, өзгерістерді
басқару, жобалық менеджмент, цифрлық интеллект және басқа да өзекті бағыттар
бойынша тәжірибеге бағдарланған 42 курсты қамтиды. Сонымен қатар, Harvard
сарапшыларының білім қоры мен материалдары негізінде жұмыс істейтін, білім
алушыларға жекелендірілген қолдау көрсететін HBR Spark интеллектуалды көмекшісі
таныстырылды.
Талқылау барысында
университеттердегі басқару мәдениетін дамыту, цифрлық трансформация жағдайында
кадрлар даярлау, жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін
арттыру және корпоративтік оқытудың заманауи құралдарын енгізу мәселелері
қарастырылды. Қатысушылар ұсынылған шешімдерді университеттің білім беру және
басқару қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында пайдалану перспективалары
жөнінде пікір алмасты.
Осындай кездесулер
профессор-оқытушылар құрамы мен университет әкімшілігінің көшбасшылық,
менеджмент және адами капиталды дамыту саласындағы әлемдік озық тәжірибелермен
танысуына ықпал етіп, жоғары оқу орнының қызметіне заманауи білім беру
технологияларын енгізу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Фотогалерея