8–12 маусым аралығында
Қарағанды индустриялық университетінде «Жоғары мектеп оқытушысының кәсіби
құзыреттіліктері» атты корпоративтік тренингтер апталығы өтті. Іс-шара
профессор-оқытушылар құрамын заманауи білім беруді дамыту, цифрлық
трансформация, академиялық адалдық, инклюзивті оқыту және инновациялық
технологияларды енгізу мәселелері төңірегінде біріктірді.
Бірінші күні оқытушылар
екі білім беру сессиясына қатысты. ҚарИУ психологиялық қызметінің жетекшісі
Анжелика Васильевна Ярута «Жұмыс ұжымындағы жеке шекаралар» тақырыбында тренинг
өткізіп, кәсіби өзара әрекеттестік, эмоционалдық күйзелістің алдын алу және
салауатты корпоративтік мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады. Екінші
сессияны BMG UpSkill × Coursera әдістемелік қолдау бөлімінің жетекшісі Нұрсұлу
Жалғасбайқызы Сүлейменова жүргізді. Қатысушылар жаппай ашық онлайн курстарды
(MOOC) әзірлеудің заманауи тәсілдерімен, педагогикалық дизайнмен, білім беру
контентін жасауда жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерімен және жоғары оқу
орындары оқытушыларына арналған Coursera платформасының әлеуетімен танысты.
Тренингтердің екінші күні
басқару, цифрлық қауіпсіздік және академиялық адалдық мәселелеріне арналды.
Экономика ғылымдарының кандидаты, «Экономика және бизнес» кафедрасының
профессоры Зинаида Сергеевна Гельманова «Менеджердің ойлау жүйесі: цифрлық
трансформация жағдайындағы басқарушылық және орындаушылық ойлаудың когнитивтік
айырмашылықтары» атты семинар өткізді. Цифрландыру және киберқауіпсіздік
департаментінің директоры Валерий Евгеньевич Чванов жұмыс орнындағы ақпараттық
қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаттары туралы баяндады. Бағдарламаны
StrikePlagiarism.com компаниясының даму жөніндегі менеджері Ақмарал Құжиева
аяқтап, білім беру ортасында академиялық адалдықты қамтамасыз етудің заманауи
тәсілдерін таныстырды.
Апталық аясында
инженерлік білім беруге инновациялық технологияларды енгізуге ерекше назар
аударылды. Коммерцияландыру секторының жетекшісі Николай Николаевич Зобнин
«Ғылыми зерттеу элементтері бар курстық жобалауда жасанды интеллект пен
виртуалды шындықты қолдану» тақырыбында семинар өткізді. Қатысушылар
автоматтандырылған жобалау, технологиялық процестерді Python арқылы модельдеу,
сондай-ақ өндірістік нысандардың қауіпсіздігі мен эргономикасын тексеруде
VR-технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды. Металлургиялық
өндірістерді жобалауға цифрлық шешімдерді енгізу және болашақ мамандарды
даярлауда заманауи инженерлік және BIM-жүйелерді қолдану мысалдары ерекше
қызығушылық тудырды.
11 маусымда
интеллектуалды технологиялар мен кәсіби дамудың халықаралық мүмкіндіктеріне
арналған семинарлар өтті. Стратегия және интернационалдандыру департаментінің
директоры, «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының меңгерушісі
Анастасия Олеговна Чванова ҚарИУ студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері
үшін әзірленген интеллектуалды агенттерді таныстырды. Іс-шара барысында ПИ-22
тобының студенттері Анна Нұрманбаева мен Никита Полубоярцев өздерінің
әзірлемелерін көрсетті: силлабустарды автоматты түрде құруға арналған AI
Syllabus Generator жүйесі және білім беру бағдарламаларының кітаппен қамтамасыз
етілуін бақылауға арналған AI Library Assistant жобасы. Кездесудің екінші
бөлігінде қатысушылар халықаралық тағылымдамалар мен жазғы мектептердің өзекті
мүмкіндіктерімен танысып, шетелдік білім беру бағдарламаларына қатысу үшін
құжаттарды дайындау бойынша ұсыныстар алды.
Тренингтер апталығы 12
маусымда өткен «Инклюзивті білім беру және Universal Design for Learning (UDL)»
семинарымен қорытындыланды. Қатысушылар қолжетімді білім беру ортасын
қалыптастырудың заманауи тәсілдерін, Қазақстан Республикасындағы инклюзивті
білім берудің нормативтік-құқықтық негіздерін және Universal Design for
Learning қағидаттарын университеттің білім беру үдерісіне енгізудің практикалық
тетіктерін талқылады. Практикалық жұмыс барысында оқытушылар жұмыс істейтін
студенттер, шетелдік білім алушылар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар
студенттер сияқты түрлі санаттағы білім алушылар үшін шешімдер әзірледі.
Академиялық, ұйымдастырушылық және цифрлық кедергілерді жоюға, сондай-ақ
оқу-әдістемелік материалдарды қолжетімділік пен инклюзивтілік қағидаттарына
сәйкес жаңартуға ерекше көңіл бөлінді.
Корпоративтік тренингтер
апталығы кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және заманауи білім беру
технологияларын меңгеру үшін тиімді алаңға айналды. Өткізілген іс-шаралар
Қарағанды индустриялық университетінің оқытушылардың кәсіби құзыреттіліктерін
үздіксіз дамытуға, инновациялық шешімдерді енгізуге және цифрлық трансформация
жағдайында жоғары білім сапасын жетілдіруге деген ұмтылысын тағы бір мәрте
дәлелдеді.
Photo Gallery