12
мамыр күні Қарағанды индустриялық университетінде «Күміс университеттің»
көктемгі семестрінің жабылу рәсімі өтті. Жоба қатысушыларына оқу курсын
аяқтағаны туралы сертификаттар салтанатты түрде табысталды. Көптеген
тыңдаушылар үшін бұл күн тек сабақтардың аяқталуы ғана емес, сонымен қатар кез
келген жаста жаңа білім алып, заманауи дағдыларды меңгеруге болатынының дәлелі
болды.
⠀«Күміс
университет» — үздіксіз білім беру идеясы аясында құрылған аға буын өкілдеріне
арналған білім беру жобасы. Мұнда зейнеткерлер мен зейнет жасына жақындаған
адамдар дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, заманауи технологияларды меңгеріп,
жаңа қызығушылықтар тауып, белсенді қауымдастықтың бір бөлігі екенін сезіне
алады.
⠀Қарағанды
индустриялық университетінің академиялық саясат департаментінің директоры Елена
Харченконың айтуынша, жоба жыл сайын дамып, сұранысқа ие бола түсуде.
⠀—
Жоба үздіксіз білім беру идеясы аясында пайда болды. Университет тек
студенттері мен түлектерін ғана емес, аға буын өкілдерін де дамытуға ұмтылады.
Бізде жасқа қатысты ешқандай шектеу жоқ, — дейді Елена Харченко.
⠀Оның
айтуынша, КарИУ-дегі «Күміс университет» бағдарламасы үнемі кеңейіп,
тыңдаушылардың қызығушылықтарын ескеруге тырысады. Биыл жаңа бағыт —
«Ата-аналар академиясы» ашылды.
⠀Практикалық
сабақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Тыңдаушылар рөлдік ойындарға қатысып,
өмірдегі нақты жағдайларды талдайды, сондай-ақ психологиялық қызмет
мамандарынан кеңес алады.
⠀Жалпы,
жоба қатысушыларға көптеген мүмкіндік береді. Мұнда аға буын өкілдері жаңа
білім алып, есте сақтау қабілеті мен ойлау жүйесін дамытады, жаңа
қызығушылықтар тауып, қарым-қатынас аясын кеңейтеді. Сонымен қатар тыңдаушылар
йога және шахмат сабақтарына қатысып, физикалық белсенділік пен жақсы көңіл
күйді сақтайды.
⠀Ең
сұранысқа ие бағыттардың бірі — цифрлық технологиялар. Аға буын өкілдеріне
смартфондарды, онлайн-сервистер мен мемлекеттік платформаларды пайдалану
жолдары түсіндіріліп, интернет-алаяқтардан қорғану тәсілдері үйретіледі.
⠀Жоба
оқытушыларының айтуынша, «Күміс университет» тыңдаушыларымен жұмыс істеу ерекше
қуаныш сыйлайды. Олардың сөзінше, қатысушылар сабақтарға өте жауапкершілікпен
қарайды, білімге шынайы ұмтылады және сұрақ қоюдан қорықпайды.
⠀—
Оқуға ешқашан кеш емес. Әлем үнемі өзгеріп, жаңа технологиялар пайда болуда,
сондықтан дамуды тоқтатпау маңызды. Тыңдаушылардың оқу процесіне белсенді
араласатынын көру біз үшін өте қуанышты. Олар қызықты сұрақтар қойып, өмірлік
тәжірибелерімен бөліседі және курстарды өз қажеттіліктеріне бейімдеуге де
көмектеседі, — дейді оқытушылар.
⠀Жоба
қатысушыларының өздері бұл оқу олар үшін нағыз жаңалық болғанын айтады.
⠀—
Біз мұншалықты қызықты болады деп күтпедік. Мұнда қарым-қатынас та, жаңа білім
де, өзіңді қажет сезіну мүмкіндігі де бар. Бұл зейнеткерлер үшін өте маңызды, —
дейді тыңдаушылар.
⠀Көпшілігі
сабақтардың қазіргі заманда өздерін сенімді сезінуге және балаларынан,
немерелерінен қалыспауға көмектесетінін атап өтеді.
⠀—
Тек «Күміс университеттің» жылына екі рет қана ашылатыны өкінішті. Осындай
сабақтар жиірек өткізілсе екен дейміз, — дейді жоба қатысушылары.
⠀«Күміс
университетке» деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Себебі бүгінде білім
тек жастар үшін ғана емес, белсенді, заманауи әрі қоғамда сұранысқа ие болғысы
келетін аға буын өкілдері үшін де маңызды.
Фотогалерея