Дипломның бір ерекшелігі бар: ол адамға өмірінде бір-ақ рет табысталады, бірақ сол күннің маңызы жүректе мәңгі сақталады. Қарағанды индустриялық университетінің түлектері үшін 3 шілде дәл сондай ерекше күн болды. Бұл – студенттік жылдарда жинақталған білім мен тәжірибенің өз күшіне деген сенімге ұласқан, студенттік билет алғашқы кәсіби құжат – дипломға жол берген айтулы сәт.
Артта дәрістер, емтихан алдындағы ұйқысыз түндер, зертханалық жұмыстар, өндірістік тәжірибелер мен дипломдық жобаларды қорғау қалды. Ал алда – нақты өндірістік міндеттер, инженерлік шешімдер және атқарылған жұмыс үшін үлкен жауапкершілік күтіп тұр.
Қарағанды индустриялық университеті үшін әрбір түлектер легі – кезекті оқу жылының аяқталуы ғана емес. Бұл – алпыс жылдан астам уақыт бойы Қазақстан өнеркәсібі үшін жоғары білікті мамандар даярлап келе жатқан оқу орны тарихының жаңа бір белесі.
Түлектерге арнаған құттықтау сөзінде университет ректоры Бақыт Жәутиков диплом ең алдымен табандылықтың, қажырлы еңбектің және үздіксіз дамуға деген ұмтылыстың айғағы екенін атап өтті.
«Әрбір түлектер – үлкен үміт пен асқақ арман жетегінде университет табалдырығын аттаған жастардың бүгінде ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби білікті маман болып қалыптасуының жарқын тарихы», – деді Бахыт Жаутиков.
Биылғы диплом тапсыру рәсімінің Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған редакциясы күшіне енген кезеңде және Астана күні қарсаңында өтуінің де өзіндік мәні бар. Бұл айтулы оқиғалардың барлығын біріктіретін ортақ құндылық – даму мен алға ұмтылу. Ал жас инженерлер, металлургтер, энергетиктер және IT саласының мамандары заманауи өндірістерді қалыптастырып, жаңа технологияларды енгізіп, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға өз үлестерін қосады.
Бүгінде еңбек нарығына дипломы бар мамандар ғана емес, ойлай білетін, жауапты шешім қабылдай алатын әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіби кадрлар қажет. Университет өз студенттеріне дәл осындай қасиеттерді дарытуды басты міндеттердің бірі санайды.
Бұл күні білім берумен қатар, студенттердің өз мүмкіндіктеріне сенімін нығайтып, олардың кәсіби қалыптасуына жол көрсеткен оқытушыларға ерекше алғыс айтылды. Сондай-ақ балаларының қуанышын бірге бөліскен ата-аналарға да шынайы ризашылық білдірілді.
Салтанатты рәсімнің сәнін Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің өнерпаздары келтірді. Олар марапаттау рәсімі бойы әсерлі концерттік бағдарламаларын ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында Қарағанды индустриялық университетінің тағы бір игі дәстүрі жалғасын тапты. Университет жыл сайын кәсіби жетістіктерімен alma mater абыройын асқақтатып, Теміртау қаласының, Қарағанды облысының және тұтас еліміздің дамуына үлес қосып жүрген түлектерін арнайы марапаттайды. Оларға құрмет белгісі ретінде «Үздік түлек» естелік мүсіншесі табысталады.
Бұл марапат – кәсіби жетістіктерге көрсетілген құрмет қана емес, ұрпақтар сабақтастығының да символы. Ол университет тарихы диплом алған сәтте аяқталмайтынын, түлектердің еңбек жолындағы табыстары, жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы арқылы жалғасатынын білдіреді.
Биылғы жылы «Үздік түлек» атағына «Qarmet» АҚ өндірістік жүйені дамыту жөніндегі директоры Евгений Петрович Хицко ие болды. Оның кәсіби жолы – университет қабырғасында алған білімнің еңбекқорлықпен, кәсіби шеберлікпен және мақсаткерлікпен ұштасқанда табысты мансаптың әрі отандық өнеркәсіптің дамуына қосылған елеулі үлестің негізіне айналатынының жарқын дәлелі.
Салтанатты рәсімді қорытындылаған ректор түлектерге жүрекжарды ақ тілегін арнап:
«Диплом алу – мәреге жету емес, жаңа өмір кезеңінің бастауы. Ешқашан білім алуды тоқтатпаңыздар, үнемі ізденіп, өздеріңізге биік мақсаттар қойып, соларға батыл қадам жасаңыздар», – деді.
Бүгін Қарағанды индустриялық университетінің түлектері кәсіби өмірге алғашқы қадамдарын басып отыр. Ертең дәл осы жастар жаңа өндірістерді жобалап, кәсіпорындар салып, инновацияларды енгізіп, өнеркәсіпті дамытып, Қазақстан экономикасының өркендеуіне өз үлестерін қосады. Ал университет болса, бұрынғыдай жаңа студенттерін қарсы алып, уақыт өте келе оларға тағы да: «Ақ жол!» – деп тілек білдіретін болады.
Photo Gallery