Барлық мақалалар
Киберқауіпсіздік

Қазақстан мен Оңтүстік Корея ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект бойынша қос диплом бағдарламасын іске қосады

12.08.2026 33
Қазақстан мен Оңтүстік Корея ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект бойынша қос диплом бағдарламасын іске қосады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Seoul Cyber University (SCU) басшылығымен кездесуінде кореялық университет пен Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті (АГЭУ) арасындағы серіктестіктің дамуы атап өтілді, деп хабарлайды Kazinform ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АГЭУ мен Seoul Cyber University арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы халықаралық білім беру байланыстарын дамытудың бір мысалы болып табылады. 2025 жылғы желтоқсанда университеттер өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, жоғары білім беру саласындағы стратегиялық серіктестіктің негізін қалады.

Қол жеткізілген келісімдер аясында АГЭУ мен Seoul Cyber University бакалавриат деңгейінде «Ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект» (6B06107) білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен қос диплом бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр.

Бағдарлама қазақстандық студенттердің халықаралық білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған және екі университетте академиялық тәжірибе жинақтауды, олардың білім беру және академиялық ресурстарына қол жеткізуді, сондай-ақ АГЭУ мен Seoul Cyber University дипломдарын алуды көздейді.

Оқытуды 1+2+1 моделі бойынша ұйымдастыру жоспарланып отыр: студенттер бірінші және төртінші курстарда АГЭУ-де, ал екінші және үшінші курстарда Seoul Cyber University-де білім алады. Мұндай формат студенттерге екі академиялық ортада білім алу тәжірибесін жинақтауға, халықаралық кәсіби байланыстарын кеңейтуге, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

АГЭУ мен Seoul Cyber University арасындағы серіктестік екі университеттің заманауи халықаралық білім беру форматтарын, академиялық ұтқырлықты дамытуға және ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар салаларында жаңа буын мамандарын даярлауға деген ортақ мүддесін көрсетеді.

Бұған дейін қазақстандық студенттердің 2027 жылдан бастап Жапонияда тегін білім ала алатыны туралы хабарланған болатын.

Бөлісу:
KZ EN RU