Барлық мақалалар
Цифрлық трансформация

Қазақстанда телекоммуникациялар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту туралы Заң қабылданды

24.06.2026 10
Қазақстанда телекоммуникациялар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту туралы Заң қабылданды

Қазақстанда телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша Заң қабылданды. Құжат Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әзірленіп, Мемлекет басшысының үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел құру жөніндегі стратегиялық міндетін іске асыруға бағытталған.

Қабылданған Заң Қазақстанның цифрлық дамуының жаңа инфрақұрылымдық контурын қалыптастырады. Ол байланыс сапасы мен цифрлық сервистердің қолжетімділігін арттырудан бастап, деректерді өңдеу орталықтарын, цифрлық экономиканың энергетикалық базасын дамытуға, телеком-инфрақұрылымды қорғауға және байланыс желілеріндегі алаяқтықпен күресуге дейінгі негізгі бағыттарды қамтиды.

Ең маңызды жаңашылдықтардың бірі — азаматтарға әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге (eGov, e-Otinish, Aitu мессенджері және басқа сервистер) тарифтелмейтін қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Заң сондай-ақ телекоммуникациялар нарығының ашықтығын күшейтеді. Байланыс операторлары қаржылық есептілікті, байланыс тораптарының тізбесін, үлгілік шарттарды, қосылу талаптарын және инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялайтын болады.

Ұялы байланыстың сапасын арттыру үшін ұялы байланыс сигналының күшейткіштері мен репитерлерін импорттауға шектеулер енгізіледі. Мұндай құрылғыларды әкелуге тек байланыс операторларына ғана рұқсат етіледі.

Телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жеделдетуге де ерекше назар аударылған. Байланыс нысандары үшін жер учаскелерін бөлу тәртібі жеңілдетіледі, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін салу мүмкіндігі қарастырылады.

Түзетулердің елеулі бөлігі деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық экономиканың энергетикалық базасын дамытуға бағытталған. Деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық нысандар қатарына жатқызылады.

Электр энергиясын ұзақ мерзімді тұтынушылар ретінде цифрлық майнерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының қатысуымен генерациялаушы қуаттарды жаңғырту және кеңейту үшін жеке инвестицияларды тартудың «70/30» тетігі енгізіледі.

Заңның жеке бір блогы телеком-инфрақұрылымды қорғауға және алаяқтыққа қарсы іс-қимылға арналған. Интернет желісіне қол жеткізу, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін лицензиялау талаптары жаңартылады.

Азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғау үшін заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіледі. Абоненттер ресми қоңырауларды күмәнді қоңыраулардан ажырата алатын болады.

Сонымен қатар, абоненттік нөмірді немесе ұялы байланыс құрылғысын үшінші тұлғаларға тұрақты пайдалануға берген кезде оларды қайта тіркеу міндеті белгіленеді.

Заңның толық мәтінімен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі — Әділет арқылы танысуға болады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1244531?lang=ru

Бөлісу:
KZ EN RU