Барлық мақалалар
EdTech

Қазақстан білім беруде жасанды интеллектті енгізудің ұлттық стандарттарын бекітті

10.04.2026 25
Қазақстан білім беруде жасанды интеллектті енгізудің ұлттық стандарттарын бекітті

Білім министрі Ғани Бейсембаев және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев 2025–2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы Бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Құжат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша әзірленді және білім беруді жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды. Алғаш рет білім беруде жасанды интеллектті қолдануға қатысты этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелерін қамтитын бірыңғай ұлттық стандарттар бекітілді.

Тұжырымдама мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қамтиды. Онда ЖИ тақырыптарын интеграциялау, цифрлық оқулықтар жасау, оқушылардың ЖИ сауаттылығын қалыптастыру, жобалық қызметті дамыту, педагогтардың Acquire → Deepen → Create үш деңгейлі моделі бойынша біліктілігін арттыру көзделген.

Баланың құқықтарын қорғауға және педагогтың кәсіби беделіне ерекше назар аударылды. Мектептер мен колледждерде академиялық адалдық пен ЖИ қолданудың этикасына қатысты бірыңғай ережелер енгізіледі.

«Бірлескен бұйрыққа қол қою отандық білім берудің дамуында жаңа бет ашады. Тұжырымдама стратегиялық басымдықтарды айқындап қана қоймай, енгізудің нақты тетігін, мониторинг жүйесін және жол картасын да бекітеді, бұл Қазақстанның мектептері мен колледждерінде AI-ды жүйелі, жауапты және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етеді. Бұл ретте жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оның рөлін күшейтеді. Білім беру процесіндегі барлық маңызды шешімдер адамда қалады», — деді Ғани Бейсембаев.

Қазақстан осы салада ЮНЕСКО, ЭЫДҰ және ЕО ұсыныстарына сүйене отырып, өзінің ұлттық тәсілін бекіткен алғашқы елдердің қатарына енді.

«Білім беруге жасанды интеллектті енгізу — Қазақстанның цифрлық трансформация стратегиясының бір бөлігі. Біз мектеп оқушылары мен студенттердің цифрлық құралдарды жай пайдаланып қана қоймай, олардың жасаушыларына айналуы үшін жағдай жасап жатырмыз. Тұжырымдама болашақ технологиялармен сенімді жұмыс істей отырып, ұлттық құндылықтар мен академиялық адалдықты сақтайтын мамандар ұрпағын тәрбиелеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Жасұлан Мәдиев.

Еске сала кетейік, 2025–2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізілді. Оқушылар үшін Day of AI онлайн-курстары, ал педагогтар үшін арнайы біліктілікті арттыру курстары әзірленді.


Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1070018?lang=ru

Бөлісу:
KZ EN RU