Дүйсенбі, 2 қазан күні университеттің спорт кешенінде бірінші курс студенттері арасында дәстүрлі Спартакиада басталды. Мектепті жаңа бітірген студенттер спорттың тоғыз түрі бойынша жарыстарда өз факультеттерінің намысын қорғайтын болады.
Спартакиаданың негізгі мақсаты – студенттерді дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға баулу, сонымен қатар олардың спорттық шеберлігін шыңдап, денсаулығын нығайту.
Жарыстар 2-9 қазан аралығында университеттің түрлі спорт алаңдарында өтеді. Спорттық жарыс бағдарламасына ұлдар мен қыздар арасында волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғыз құмалақ және спорттық эстафетадан турнирлер енгізілді.
Спорттық іс-шараны академиялық мәселелер жөніндегі проректор Галина Александровна Сивякова ашып, қатысушыларға сәттілік пен жеңістер тіледі.
«Спартакиада университетте жаңа спорт маусымын ашатын ауқымды іс-шара, біз жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылық пен ілтипат күтеміз. Спартакиада қорытындысы бойынша үздік спортшылар түрлі спорт түрлері бойынша университет командаларының қатарына қабылданады, ал жігіттер жоғары деңгейдегі турнирлерде өздерін көрсете алады», – деп атап өтті дене тәрбиесі секциясының меңгерушісі Раиса Касымовна Колесникова.
Спартакиаданың қорытындысы ағымдағы жылдың 9 қазанында белгілі болады.
Просмотров: 335