Қазіргі әлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ғылым біздің өмірімізде негізгі рөл атқарады, қоғамның дамуына, технологиялық алға жылжуға және адам өмірі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға мол мүмкіндіктер тудырады. Ғылымның маңызын терең түсіну, ғылыми зерттеулерді одан әрі қолдау және дамыту – адамзаттың болашағына қажетті басты шарттың бірі.
Жақында қабылданған Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы – ел ғылымы мен білімінің қарқынды түрде дамуына үлкен жол ашқан маңызды құжат. Жаңа тұжырымдама еліміздің білім мен ғылым саласының дамуына ерекше серпін беретін стратегиялық жоспар болып саналады.
Біздің заңнамалық актілерде жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1 пайызы ғылымды дамытуға бағытталуға тиіс. Алайда біздің жүргізген талдаулар көрсеткендей, шетелдік инвесторлардың қатысуымен қызмет істейтін ірі өнеркәсіп орындары осы қаржыны тиімсіз пайдаланатыны белгілі болды.
Аталған мәселе шеңберінде біздің ұсынысымыздың негізінде 2023 жылғы 5 шілдеде Қарағанды индустриялық университетінде алғаш рет облыс әкімі Е.Бөлекпаевтың қолдауымен және Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің төрағалық етуімен ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ел ғылымын дамытуға қосқан үлесі талқыланып, «Бизнеспен диалог: ғылымды дамытудағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың рөлі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға 20 ірі жер қойнауын пайдаланушы компанияның басшылары қатысып, сөз сөйледі. Дөңгелек үстелде жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаржысының 1 пайыздық үлесін отандық ғылымды дамыту үшін жұмсаудың тиімді жолдары мен механизмдері қаралып, алдағы бірігіп шешетін істердің жобалары талқыланды.
Әлемнің озық университеттерінде технопарктер өте жоғары деңгейде дамыған және бизнес қауымдастықпен бірлескен жұмысы нақты нәтижелер алу мен ауқымды мәселелерді шешуге тікелей бағытталған. Университеттердің жанында технопарктер құру мәселесі біздің министрліктің жіті назарында. Мұны біз барлығымыз қолдауымыз керек.
Биыл Қарағанды индустриялық университеті құрылғанына 60 жыл толады. 1963 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы зауыт болып құрылған Қарағанды индустриялық университеті қазіргі кезде еліміздің ең үздік бейінді техникалық университеттерінің бірі және бірегей жоғары оқу орны. Оның тарихы Теміртау қаласының, Қарағанды облысының және бүкіл елдің тағдырымен тығыз байланысты.
Жоғары техникалық оқу орны дамуының жаңа кезеңі еліміздің тәуелсіздігін алудан басталды. Еліміздің тау-кен-металлургия саласы үшін инженерлік кадрлар даярлаудағы оқу орнының сіңірген еңбегі атап өтіліп, 1993 жылы зауыт Қарағанды металлургия институты болып қайта құрылды. Институт металлургия саласының барлық спектрі бойынша мамандар даярлайтын өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны мәртебесіне ие болды.
2006 жылы Қарағанды металлургия институты Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті болып қайта құрылды. 2020 жылы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің «Қарағанды индустриялық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылуы оның академиялық еркіндігіне, жан-жақты кәсіби дамуына, заманауи инновациялық білім беру әдістерін енгізуге үлкен жол ашты. 2021 жылдың мамыр айында университетті дамытудың жаңа стратегиялық жоспары аясында университет қызметінің барлық бағытын жүйелі реформалау басталды.
Кейінгі 5 жыл көлемінде университетте бірде-бір ғылыми грант жобалары болмаса, 2022-2023 жылдары ғалымдарымыз министрліктің Ғылым комитеті жариялаған ғылыми конкурстар бойынша жалпы сомасы 883,1 млн теңгені құрайтын 18 жобаны ұтып алып, нақты нәтижеге бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде 6-ы жалпы конкурс, 5-і арнайы жас ғалымдар үшін, 7-і постдокторантура бағыты бойынша ұтып алынды.
Сонымен қатар осы жылдары «Izomast», «Қазфосфат», «Tau-Ken Temir», «Silicon mining» сияқты өнеркәсіптік кәсіпорындар университетке ғылыми зерттеу жұмыстарына тапсырыс берді. Бұл бағытта университет ғалымдары мен докторанттары жалпы сомасы 41,3 млн теңгеге 4 шаруашылық келісімшарттық жұмысты орындап, нәтижелері өндіріске енгізілді. Зерттеулер негізінен кварц, темір, марганең, көмір ресурстарын алу, сақтау және неғұрлым ұтымды пайдалану мүмкіндіктерін алуға негізделген.
2022-2023 жылдары Қарағанды индустриялық университеті Британ Кеңесі өткізетін Going Global Partnerships бағдарламасы аясында отандық 10 жеңімпаз университеттің бірі атанды. Университет Ұлыбритания кеңесі өткізетін Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы трансұлттық білім беруді дамыту стратегиясын әзірлеу үшін Going Global Partnerships бағдарламасының белсенді қатысушысы болды.
Кейінгі екі жылда университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері Web of Science және Scopus халықаралық рецензияланатын базаларындағы жарияланымдарының саны екі есе өсті. Мысалы, осы базаларда 2020 жылы 38 ғылыми мақала жарияланса, 2022 жылы 82 басылымға дейін өсті, жалпы саны 500-ден артты. Осының нәтижесінде университет еліміздің жоғары оқу орындары арасында басылымдар саны 1 оқытушыға шаққанда алғашқы үздік бес университеттер қатарына көтерілді. Бұл көрсеткіштер университеттердің халықаралық рейтингтерде басты көрсеткіштерінің бірі болып саналады.
Оқу орнындағы ғылыми зерттеулер шеңберінде әзірленген барлық әдіс-тәсілге, технологияларға және оларды іске асыру құралдарына патенттер мен зияткерлік меншікке куәліктер алынды.
Университеттің халықаралық академиялық қоғамдастықта да өз орны бар. Оқу ордасы елдің ғылыми әлеуетін әсіресе индустриялық-инновациялық дамуды айқындайтын техникалық бағыттарды дамытуға лайықты үлес қосып келеді. Ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау 22 бакалавриат білім беру бағдарламасы, магистратураның 20 мамандығы және PhD докторантураның 5 мамандығы (металлургиялық инженерия, нанотехнология, механика және металл өңдеу, автоматтандыру және басқару, химиялық инженерия және процестер) бойынша жүргізіледі.
2022 жылы Қарағанды индустриялық университетінде алғаш рет университет үшін екі басым ғылыми бағыт бойынша диссертациялық кеңестер ашылды: «Қара және түсті металдар металлургиясы» және «Инженериядағы нанотехнология». Осы жылдың қыркүйек айында диссертациялық кеңестің бірінші отырысы өтті. Онда алғаш рет екі докторант түлегіміз металлургия бағытында PhD философия докторы диссертациясын қорғады. Бұл университетіміздің металлургия бағытында елімізде жетекші жоғары оқу орны екенін көрсетеді. Сонымен қатар металлургия бағытында университетіміз республикалық оқу-әдістемелік бірлестікке жетекшілік етеді.
Қазіргі уақытта оқу орны халықаралық ұстанымдарға сай заманауи білім, ғылым, инжиниринг жүйесін құрушы зияткерлік орталық ретінде танылып келеді. Сонымен қатар университет елімізде толық металлургиялық үдерісті қамтитын, жартылай өндірісті агрегаттармен жабдықталған жалғыз тәжірибелік-өндірістік алаңы бар бірегей оқу орны екенін де атап өту маңызды. Университет базасында Cisco желілік академиясының Қарағанды өңірлік орталығы жұмыс істейді. Тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен студенттер жаңа экономиканың, индустриялық кластерлердің, киберфизикалық жүйелердің қажеттіліктеріне бағытталған 4.0 индустриясы бойынша білім алады. Осы бағытта құзыреттілікті қалыптастыру үшін Қарағанды индустриялық университетінде 3D-инжиниринг зертхана-фабрикасы іске қосылған.
2022 жылы университетте Kaspersky зертханасы мен Huawei академиясы ашылды. Осы жылы Қарағанды индустриялық университетінде алғаш рет инновациялық әлеуетті арттыру мақсатында IT бағыты бойынша екі республикалық хакатон өткізілді.
Кейінгі жылдары университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы көбейді. Оның құрамында қазір 11 ғылым докторы, 35 ғылым кандидаты, 15 PhD бар, сондай-ақ 11 оқытушы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын иеленген.
Университетте оқыту мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оқу үдерісіне Moodle автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, Internet of things, Industrial Internet of Things, Big Data, Blockchain, Additive Manufacturing енгізіліп, MOOC жеке платформасы жұмыс істейді. Университетімізде пилоттық режімде қолданбалы бакалавриаттың екі білім беру бағдарламасы әзірленді, бұл бағдарламалар «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамымен бірлесіп іске асырылып жатыр.
Инклюзивті білім беру шеңберінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға арналған 7 бакалавриат білім беру бағдарламасы және 4 магистратура бағдарламасы әзірленді. Биыл университетте Coursera жаппай ашық курстарын белсенді игеру басталып, Қарағанды индустриялық университеті үшін 700 лицензия бөлінді. Студенттерге өздерін қызықтыратын курстардан шексіз өту мүмкіндігі берілді. Қарағанды индустриялық университеті өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен. Бұл «Серпін» және «Батыс өңірі» бағдарламаларымен келген студенттерге үлкен мүмкіндіктер тудырады. Саламатты өмір салтын ұстану бағытында университетіміздің спорт кешенінде жаттықтырушы ұстаздар спорттың 9 түрінен студенттерді баулиды.
Жақында Қарағанды индустриялық университетінің базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылды. Орталық заманауи білім беру технологияларын дамыту бойынша университет оқытушылары үшін әдіснамалық, психологиялық, дидактикалық, әдістемелік-ресурстық қызмет көрсетуді көздейді. Бұл техникалық бағытта қызмет істейтін мамандар үшін өте маңызды екені сөзсіз.
Сонымен қатар оқу жылы басында «Техника мен технологиялардағы цифрлық инжиниринг» пәнаралық орталығы ашылды. Аталған орталықты ашудағы мақсат – заманауи цифрлық инжиниринг технологияларының цифрлық құзыреттіліктерін меңгерте отырып, техникалық білім беру бағдарламаларының білім алушыларының пәнаралық даярлығын ұйымдастыру, яғни тәжірибеден алынған терең білімді бір жерге топтастыра отырып, заманауи интеллектуалдық қолданбалық бағытқа жол ашу.
60 жыл уақыт ішінде университетті 27 мыңнан аса түлек бітірді, оның ішінде 14 мыңнан астам түлек тәуелсіздік жылдары инженерлік-техникалық білім алды. Университет түлектері дарынды инженерлер, ғалымдар, табысты кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, мемлекет және саяси қайраткерлер ретінде танылып, абыройлы қызметтер атқарып жатыр. Жыл сайын университетке қабылданатын студенттер саны артып келеді. Түлектердің жұмысқа орналасуы 90 пайызға жетті.
2022 жылдың қазан айында өткен VI Орталық Азия халықаралық форумында университеттердің Еуразиялық рейтингінің қорытындысы бойынша қарқынды дамуы үшін Қарағанды индустриялық университеті «Сапа жұлдызы» наградасымен марапатталды.
Алдыңғы буынның ұзақ жылдар бойғы жинақтаған бай тәжірибесін жалғастыра отырып, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер Қазақстанның инновациялық экономикасы үшін жоғары білікті кадрларды озық түрде даярлаудың басты міндеттерін нәтижелі орындап, еліміздің әлемдік бәсекеде қабілеттілігін арттыруға үлкен үлес қоса беретіне сенімім мол.
Болатбек АБДРАСИЛОВ,
Қарағанды индустриялық университетінің ректоры,
биология ғылымдарының докторы, академик
https://egemen.kz/article/351255-bilim-men-ghylym-%E2%80%93-el-damuynynh-n
Просмотров: 323