ҚАРАҒАНДЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ҚОСПАЛАРДЫ ЖАСАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ МЕҢГЕРІЛУДЕ

Қарағанды индустриялық университетінің «Химиялық технология және экология» кафедрасында студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, өздерінің стартап жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін зертхана ашылды. Бұл жерде студенттер өсімдік сығындылары негізінде тағамдық қоспалар, косметика, сабын және тіпті кәмпиттер жасауды үйреніп жүр.

Ең үздік жобалар ішкі стартап байқауы арқылы анықталады. Мысалы, өткен жылы жас фармацевттердің екі жобасы үздік деп танылды. «Бірінші жоба – жүзім дәндерінің сығындысы негізінде шаш күтіміне арналған құралдарды әзірлеу. Оған сусабын, кондиционер, май сияқты өнімдер кіреді. Екінші жоба – қуаттандыратын, ылғалдандыратын және нәрлендіретін түрлі әсерлері бар сабын әзірлеу. Бұл идеялар кездейсоқ туындаған жоқ. Алдымен студенттер нарыққа талдау жүргізіп, қазақстандық дүкен сөрелерінде жергілікті косметика өнімдерінің өте аз екенін анықтады. Сонымен қатар Қазақстан өсімдік шикізатына бай болғандықтан, олардан экстракция әдісі арқылы көптеген пайдалы биологиялық белсенді заттарды алуға болады», - дейді кафедра меңгерушісі Сәуле Кабиева.

Қазіргі таңда медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Жәутікованың бастамасымен зертханада селен негізіндегі тағамдық қоспаларды жасау жобасы іске асырылуда. Селен — иммундық және жүйке жүйесінің қызметі, зат алмасуды реттеу, көру органдарының жұмысын жақсарту, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары жүйесінің дұрыс қызмет атқаруы үшін маңызды микроэлемент. Селеннің иммуномодуляторлық, вирусқа қарсы, қабынуға қарсы және антиоксиданттық қасиеттері бар, ол жасушалардың жойылуын болдырмайды.

- Жақында Балқаш қаласында 99,9% таза селен өндіретін зауыт іске қосылды. Біз оны да пайдалана аламыз, - деп түсіндіреді профессор. - БАД жасау үшін біз бұршақ тұқымдас өсімдіктерді пайдаландық. Бір жарым ай бойы оларды селен тұздарының ерітіндісімен суардық. Өскіндер ұсақталып, олардағы пайдалы микроэлементтердің мөлшері анықталды. Бұл технологиялық циклді біз зертханадан шықпай-ақ толығымен жүзеге асыра аламыз. Сондай-ақ бізде таблетка жасауға арналған пресс те бар.

Сонымен қатар оқу үдерісі барысында студенттер жақпа майлар, тағамдық қоспалар, кәмпиттер, оттегі сусындары, бактерияға қарсы пленкалар және емдік сылақтар жасап үйренеді. Әзірге бұл өнімдер шағын көлемде өндірілуде, алайда университет болашақта оларды жаппай өндіруді жоспарлап отыр. Университет бұл мақсатқа гранттық қаржыландыру арқылы қол жеткізуді көздейді.