ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ: ТЕМІРТАУДА ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ ӨНЕРКӘСІБІ БОЙЫНША ХАКАТОН ӨТУДЕ

Теміртаудағы Қарағанды индустриялық университетінің базасында “Ғылым мен өндіріс интегрциясы” атты тау-кен металлургия өнеркәсібі бойынша ғылыми-инновациялық хакатоны басталды. Ғалымдар, өнеркәсіп өкілдері және менеджерлер тек Qarmet зауыты үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл отандық өнеркәсіп үшін ғылыми-технологиялық шешімдерді іздеу және әзірлеу үшін жиналды.

Бұл алтыншы хакатон. Осы жылдың басынан бастап ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдар мен өндірушілердің өзара іс-қимыл тәжірибесін дамыту бойынша жұмыс бастады. Өнеркәсіп өкілдері зерттеушілерге техникалық міндеттер қояды, ал олар өз кезегінде мемлекеттің қолдауымен оларды жүзеге асырудың шешімдерін іздейді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз ғылымның күш-жігерін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне бағыттаймыз. Тау-кен металлургия саласынан басталды, өйткені бұл экономиканың негізі, – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. – Біздің мақсатымыз – ғылыми ұжымдарды өнеркәсіптік кәсіпорындармен біріктіру және процестерді жақсартуға, тиімділікті арттыруға және өнімнің құнын қосуға көмектесетін инновациялық шешімдерді табу. Атап айтқанда, Qarmet металлургиялық комбинаты ескірген технологиялық проблемалар үшін шешімдер алады, ал ғалымдар – нақты тұжырымдалған ғылыми-техникалық міндеттерге қол жеткізеді.

Сондай-ақ, ҚарИУ фойесінде өндірістік процестерге сәтті енгізілген ғылыми жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Хакатон алдында металлургия комбинаты өндірісінің техникалық сарапшылары мен Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ мен ҚарИУ жоғары оқу орындарының ғалымдарының кездесуі өтті. 

"Qarmet" АҚ Бас директоры Вадим Басиннің айтуынша, стандартты емес шешімдерді талап ететін бірқатар техникалық міндеттер қалыптасты. Мысалы, шахталарда метан концентрациясын төмендету үшін газды дренажды ұңғымаларды бұрғылаудың инновациялық технологияларын әзірлеу қажет.

Қарағанды облысының әкімдігі ғылыми және өнеркәсіптік жобаларға қолдау көрсетуге дайын.

– Теміртау – біздің өңір үшін басты қала. Облыс өндірісінің 30%-ы металлургия комбинаты және оның айналасындағы кәсіпорындар. Біз үшін Qarmet-тің дамуы өте маңызды, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Келесі жылдан бастап облыста инновациялық кәсіпорындарды қоса алғанда, 11 ірі жобаны іске асыру басталады. Егер ғылым белсенді қатысатын болса, біз бұл бастамаларды қолдауға дайынбыз. Соның ішінде біз Qarmet комбинатымен байланысты жобалар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға дайынбыз.

Министр Саясат Нұрбек Қазақстанда ғылымды дамыту жоспарларымен бөлісті. Алдағы жылдары елімізде 30-дан астам шетелдік жоғары оқу орындарының кампустары ашылады, оның ішінде Қарағанды облысында да. Инновациялық шешімдер мен технологияларды енгізу үшін орталыққа айналатын ғылымды қажет ететін аумақтарды құру жоспарлануда