ҚАРАҒАНДЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ӘЗІРБАЙЖАН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА.

4 наурыз күні Бакуде «Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту» тақырыбында ашық дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға еліміздің 22 жетекші университетінен құралған үлкен делегация қатысты. Қарағанды индустриялық университетінің атынан Басқарма Төрағасы – Ректор Бахыт Жәутіков сөз сөйледі.

Өз баяндамасында ол екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы берік байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бастама бірлескен жобалар мен іс-шараларды сәтті ұйымдастыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық, ғылыми және мәдени алмасуларды дамытуға, студенттер, зерттеушілер, оқытушылар мен әкімшілік қызметкерлердің тәжірибе алмасуына, сондай-ақ қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыруға ықпал етеді.

Дөңгелек үстел аясында екі елдің жетекші жоғары оқу орындары арасында екіжақты келісімдерге қол қойылды. Қарағанды индустриялық университеті бірден үш Әзірбайжан университетімен меморандум жасасты: Баку мемлекеттік университеті, Әзірбайжан техникалық университеті және Әзірбайжан архитектура және құрылыс университеті.

Тараптар ғылыми қауымдастықтардың күш біріктіруі екі халық арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенімді.

blank
blank
blank
blank