ҚАРИУ СТУДЕНТТЕРІ ТЕМІРТАУҒА ЕРЕКШЕ АЛЛЕЯ ОТЫРҒЫЗУДЫ ЖОСПАРЛАУДА

Университет аумағында құрылымдық отырғызу жүргізіледі. Оның ерекшелігі – қала үшін сирек кездесетін өсімдіктердің болуы. Сонымен қатар, студенттер көшеттерді сатып алмай, оларды өздері өсіруге шешім қабылдады.

Бұл бастаманы студенттік экологиялық «Alive» клубының мүшелері көтерді. Бұған дейін олар университет аумағында және қала ішінде көгалдандыру акцияларына қатысқан. Болашақ металлургтер, энергетиктер және құрылысшылар өнеркәсіптік қала үшін «жасыл өкпенің» маңызын жақсы түсінеді. Дегенмен, студенттер отырғызылған ағаштар тек практикалық пайда әкеліп қана қоймай, эстетикалық ләззат сыйлауы тиіс деп санайды. Әрі олардың жобасы қымбатқа түспеуі керек.

— Біз көгалдандыру акциясын ұйымдастырғымыз келгенімен, қаражаттың жоқтығы кедергі болған жағдайлар болды, — дейді ҚарИУ-дың «Химиялық технология және экология» кафедрасының оқытушысы, «Alive» экоклубының жетекшісі Елена Ситдикова. — Сондықтан біз көшеттерді тұқымдар мен қалемшелерден өзіміз өсіруге бел будық. Бұл тұрғыда бізге теміртаулық эколог, «Отражение» қоғамдық ұйымының жетекшісі Елена Варганова көмектесті. Ол бізге қажетті материалдар беріп, нұсқаулықтар мен пайдалы кеңестер ұсынды.

Идеяны жүзеге асыру практикалық сабақтан басталды. Студенттер тұқымдар мен қалемшелердің өміршеңдігін анықтауды, қалемшелеудің қыр-сырын және өскіндерге күтім жасауды үйренді. Нәтижесінде, экологиялық клуб келесі жылы толыққанды көшеттерге айналатын, қала үшін сирек кездесетін ағаш түрлерін де қамтитын өскіндерге ие болды.

Мысалы, катальпа атты жапырақты бұтаның табиғи мекені – Қытай, Солтүстік Америка және Кариб теңізінің аралдары. Алайда экологтың айтуынша, бұл сәндік ағаш аязға төзімді. Егер көшеттер тұқымнан өсірілсе, бейімделу кезеңі қысқарады.

— Бір жазда катальпа бір жарым метрге дейін өседі. Бұл ағаштың ерекше пішіні бар және әдемі гүлдейді, — дейді Елена Варганова. — Сонымен қатар, оның жапырақтары өте үлкен, бұл біздің қала үшін маңызды. Жапырақ бетінің ауданы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым олар ауадағы зиянды заттарды жақсы сіңіреді. Сондықтан катальпа қаламыздың көшелерін көркейте түсер еді.

Теміртауда сирек кездесетін тағы бір өсімдік – ирга. Ол әдемі гүлдейді, мол өнім береді және денсаулыққа пайдалы. Ғылыми түрде дәлелденгендей, ирганың жемістері, жапырақтары мен қабығы – табиғи поливитаминдер, олар бүкіл ағзаға оң әсер етеді.

Студенттер сондай-ақ шырша, балқарағай, сирень және шетен қалемшелерін тамырлатты. Бұл өсімдіктер бір аумақта үйлесімді өсіп, түрлі-түсті каскадты отырғызу аймағын құрайды. Ол университет аумағын жылдың кез келген мезгілінде жарқырата түспек.

— Қорытынды жасауға әлі ерте, бірақ студенттер шынымен де жарады. Қызығы, өсімдіктерді тек қыздар ғана емес, жігіттер де өсіруге ниет білдірді, — дейді Елена Варганова. — Бүгінде телефондардағы ақпарат ағыны кез келген адамның көп уақытын алады, ал одан бас тарту – көпшілік үшін ерлік. Бірақ бұл жастар телефонды қойып, үйден шығып, сабақтан тыс уақытта келіп, бір нәрсе үйреніп,жұмыс жасады. Бұл бір реттік шара болып қалмайды деп үміттенемін. Біз әрі қарай да тәжірибемізбен бөлісуге, ынтымақтастыққа дайынбыз.

Қазіргі уақытта «Alive» экологиялық клубында шамамен 50 студент бар. Белсенділер қоқысты сұрыптап жинауды, саналы тұтыну мен нөлдік қалдық қағидаларын насихаттайды. Клубқа кез келген адам қосыла алады.