ҚАРИУ — ЕУРОПАДА! УНИВЕРСИТЕТ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ «ЖАСЫЛ» ТРАНСФОРМАЦИЯНЫҢ БІР БӨЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ

2025 жылғы 11–14 мамыр аралығында Германияның Бремен қаласында Green Deal for Central Asian Universities (GDCAU) — «Орталық Азия университеттері үшін Жасыл курс» жобасы аясында халықаралық семинар өтті. Іс-шара Constructor University базасында ұйымдастырылып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, сондай-ақ Германия, Австрия және Словакия елдерінен университет өкілдері бас қосты.

GDCAU жобасының мақсаты — Орталық Азия университеттерін орнықты дамуға белсенді атсалысатын мекемелерге айналдыру және олардың қызметін Еуропалық Жасыл курстың қазіргі заманғы экологиялық және әлеуметтік стандарттарына сай жаңғырту. Бұл — білім беру бағдарламаларын қайта қарау, «жасыл» дағдыларды енгізу, бизнестік серіктестікке қолдау көрсету және университеттердің экологиялық көрсеткіштерін жақсартуды көздейді.

Қарағанды индустриялық университеті (ҚарИУ) бұл үдерісте белсенділік танытып отыр. Семинарға «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі Сауле Камарова мен «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының меңгерушісі Анастасия Чванова қатысты. Олар орнықты даму мен экологиялық жауапты басқару бағытындағы жаңа оқу модульдерін енгізу жоспарын таныстырып, жобаның нәтижелерін студенттер, оқытушылар және аймақтық қауымдастық арасында тарату стратегиясын ұсынды.

Семинар барысында университеттерде Жасыл курс орталықтарын құру, «жасыл» бастамаларды ілгерілету мақсатында кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату және университеттерді экологиялық қауіпсіз әрі әлеуметтік жауапты болашақтың қозғаушы күшіне айналдыру мәселелері талқыланды.

ҚарИУ-дың бұл бастамасын Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының Қарағанды филиалы да қолдап отыр. Аталған филиал ғылыми және ұйымдастырушылық серіктес ретінде университеттің тек білім беру орны ғана емес, сонымен қатар аймақ үшін орнықты шешімдер мен инновациялардың орталығына айналуына ықпал етуді көздейді.

— Қарағанды индустриялық университетінің мұндай халықаралық жобаға қатысуы — бұл тек жаңғырту жолындағы қадам емес. Бұл университеттің беделін арттыру, шетелдік әріптестермен байланыс орнату, зерттеулерге инвестициялар тарту, сондай-ақ студенттер үшін тәжірибеден өту, тағылымдама және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады, — деді Сауле Камарова.

Жоба аймақ үшін де үлкен маңызға ие: экологиялық әрі орнықты технологиялардың дамуы, жаңа буын мамандарын даярлау және қазіргі заманғы стандарттарды енгізу — Теміртау мен Қарағанды облысын тұтастай алғанда бизнес, инвесторлар мен дарынды жастар үшін тартымды ете түседі.

Жақын уақытта Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының Қарағанды филиалының бастамасымен университет базасында Жасанды интеллект зертханасын ашу жоспарлануда.

ҚарИУ КеАҚ Басқарма төрағасы — Ректоры,
Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясы

 Қарағанды филиалының төрағасы
Б.А. Ж
аутиков

blank