2025 жылғы 12 маусымда Қарағанды индустриялық университетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мен 2022–2026 жылдарға арналған ҚР-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты аясында ғылыми және қоғамдық зиялы қауым өкілдерінің кездесуі өтті. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Жаңару» қоғамдық бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде ұйымдастырылды.
Кездесу университеттің ғылыми-инфрақұрылымымен және білім беру бағдарламаларымен танысудан басталды. Шараның мақсаты – құқықтық сана мен заңдылықты нығайтуда, білім мен ғылым салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды алға жылжытуда ғылыми қауымдастықтың рөлін талқылау болды.
Жиынға ғалымдар, оқытушылар, колледж басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Этика, академиялық адалдық, ғылым мен қоғамның сыбайлас жемқорлықпен күрестегі өзара байланысы жөнінде баяндамалар жасалды.
Студент жастар арасында тұрақты құндылықтарды қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеу және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сөз сөйлегендер қатарында – ҚарИУ ректоры Бақыт Жәутіков, Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакин, «Жаңару» ҚБ төрағасы Мэлс Семгалиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілі Бейбіт Мамраев және басқалар болды.
– Біздің міндетіміз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы Тұжырымдаманың негізгі қағидаларын халыққа жеткізу, жүзеге асыру. Біз тек бірлесе әрекет еткенде ғана бұл індетті жеңе аламыз. Әр азамат өз мемлекеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек, – деді Бейбіт Мамраев.
Іс-шара барысында ҚарИУ ректоры Қарағанды облысы бойынша «Жаңару» филиалының директоры болып тағайындалды.
– Бұл – беделді ұйым. Бізге сенім білдіріп отырғандары – Теміртау қаласының жастар болашағы үшін күресіп жатқан қала екенін көрсетеді. Бұл бағытта бізде үлкен тәжірибе бар, – деді Бақыт Жәутіков.
Кездесу соңында білім беру, жастар тәрбиесі мен экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған диалог алаңы өтті. Қатысушылар заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық басымдықтарды іске асыру жолында ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.


