БЕЙРЕСМИ БІЛІМ БЕРУ: 50 ЖАСТАН АСҚАНДАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

«Оқуға ешқашан кеш емес» — дәл осы ұранмен Қарағанды индустриялық университетінде жыл сайын ересек жастағы студенттерге арналған тегін курстар өткізіледі. «Күміс университет» деп аталған бұл бағдарлама – бейресми білім беруді қолдайтын және егде жастағы адамдардың қазіргі өмірге бейімделуіне бағытталған халықаралық қозғалыстың бір бөлігі.

Бағдарлама заманауи өмір ырғағына ілескісі келетін, әлеуметтік белсенді болуға, дағдыларын дамытуға және денсаулығын нығайтуға ұмтылатын жандарға арналған. Курстар аясында тыңдаушылар цифрлық және қаржылық сауаттылықты меңгереді, құқық саласында білім алады, йога мен шахматпен айналысады, кәсіпкерлік негіздерін үйренеді. Атауына қарамастан, жас бойынша шектеу жоқ – курстарға 45 пен 80 жас аралығындағы адамдар қатысады.

Бағдарламаның басты бағыты – цифрлық сауаттылықты дамыту. Тыңдаушылар компьютер мен мобильді құрылғыларды пайдалануды, құжаттар мен кестелер жасауды, графикалық редакторлармен жұмыс істеуді, электрондық пошта ашып, онлайн төлем жасауды, интернет арқылы қауіпсіз сауда жасауды үйренеді. Курстың басым бағыттарының бірі – киберқауіпсіздік және интернет алаяқтарынан қорғану, бұл қазіргі заманда аса өзекті тақырып.

– «Күміс университетке» келуімнің себебі – заманауи дүниеден қалғым келмеді. Барлығы нейрожелілер, «чаттар» жайлы айтып жатады – мен де неге үйреніп көрмеске деп шештім. Жарнаманы көріп, жазылдым, еш өкінбедім, – дейді ҚарИУ-дағы «Күміс университеттің» түлегі Қарлыгаш Өмірбекқызы Карымсақова. – Курста алдымен компьютерлік бағдарламаларды үйрендік. Word, Excel меңгердім, PowerPoint-та презентация жасауды үйрендім. Ең қызығы – бізге ChatGPT-ті таныстырды! Бастапқыда сенбедім – сұрақ қойып, нақты жауап аласың дегенге. Сонымен қатар, онлайн банкинг негіздерін өттік. Бұрын интернет арқылы төлеуге қорқатынмын – қателесіп кетем бе, деректерім ұрланып кетер ме деп. Қазір өзім төлем жасап, ақша аударамын, шотымды тексеремін. Курстан кейін өмірім жеңілдеді әрі қызығырақ бола түсті! Жас – бұл тек сан. Ең бастысы – қорықпау, жаңалыққа ашық болу. Бұл оқу маған екінші тыныс сыйлады.

– Курстарға дейін компьютерді қосып, Word-та бірдеңе жазу, интернетке кіру сияқты қарапайым нәрселерді білетінмін. Бірақ Excel, Zoom, электрондық пошта немесе телефондағы банк қосымшаларын мүлде қолдана алмадым. Барлығы қиын әрі түсініксіз көрінетін, – деп мойындайды ҚарИУ-дың тағы бір түлегі Мейрамгүл Керімханқызы Жақсыбаева. – Компьютерлік курста кеңселік бағдарламаларды меңгердім – қазір Excel-мен еркін жұмыс істеймін, кесте құрып, қарапайым есептер жасай аламын. Онлайн қызметтерді де игердім: дәрігерге жазыламын, коммуналдық төлемдерді төлеймін, бейнебайланыс арқылы сөйлесе аламын. Қаржылық сауаттылық курсы арқылы бюджетті дұрыс жоспарлауды, қай жерде үнемдеуге болатынын, алаяқтарға алданбауды үйрендім. Ең бағалысы – өз-өзіме деген сенімділік пайда болды. Енді заманауи технологиялардан қорықпаймын. Қоса кететіні – үнемдеуді де үйрендім. Менің тәжірибем біреуге шабыт беріп, жасына қарамастан оқу бастауына себеп болады деп үміттенемін.

Білім беру бөлігінен бөлек, бұл бағдарлама маңызды әлеуметтік рөл атқарады: егде жастағы адамдардың өздерін қажет сезінуіне, белсенді өмір сүруіне, қоғам өміріне араласуына септігін тигізеді. Қатысушылар жаңа достар табады, тәжірибе алмасады, көзқарастарын кеңейтеді және моральдық қолдау алады.

«Күміс университет» жобасы – бейресми білім берудің жасты елемей, жаңа мүмкіндіктер ашып, тұлғалық дамуға шабыт беретін жарқын мысалы. Шын мәнінде, оқуға ешқашан кеш емес.