ҚАРИУ-ДЕ КҮРЕС СЕКЦИЯСЫ АШЫЛДЫ

3 қыркүйек күні Қарағанды индустриялық университетінде дзюдо, самбо және қазақ күресі бағытындағы жаңа студенттік спорт орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл секция – студенттерге арналған тегін спорт секцияларының қатарындағы оныншы болып тіркелді.

Іс-шара университеттің спорт залында өтіп, оған студенттер, оқытушылар, қызметкерлер және құрметті қонақтар қатысты. Ашылу салтанатында ерекше сәттердің бірі – Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакиннің қатысуы болды. Ол құттықтау сөз сөйлеп қана қоймай, өзінің жеке тәжірибесімен бөлісті: жастық шағында дзюдомен кәсіби түрде айналысқан, жаттықтырушы болған және дәл осы спорт түрі оған тәртіптілік, сенімділік пен жеңіске деген ұмтылысты сіңіргенін айтты.

«Дзюдо – бұл жай ғана күрес емес. Бұл қарсыласқа құрметпен қарауға, өзіңмен үздіксіз жұмыс істеуге және ешқашан берілмеуге үйрететін философия. Теміртаулық студенттердің дәл осы спорт түрімен университет қабырғасында айналысу мүмкіндігіне ие болғанына қуаныштымын», – деді Алексей Ломакин.

Университет ректоры Бақыт Жәутиков өз сөзінде студенттік спортты дамыту – оқу орнының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті:

«Қазіргі таңда бізде 9 спорт секциясы жұмыс істейді. Әрқайсысы – студенттердің денсаулығы, командалық рухы мен жан-жақты дамуына қосқан үлес. Күрес – біздің жаңа қадамымыз. Бұл секция барлық студенттер үшін тегін қолжетімді», – деді ректор.

Күрестен бөлек, ҚарМУ студенттері футбол, волейбол, баскетбол, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі және пауэрлифтинг секілді спорт түрлері бойынша да тегін секцияларға қатыса алады. Кез келген секцияға қосылу үшін «Дене шынықтыру» кафедрасына барып тіркелу жеткілікті. Жаттығулар жаңадан бастаушылар мен тәжірибесі бар студенттерге арналған.

Университет белсенді әрі мазмұнды студенттік өмірге жағдай жасауды жалғастыруда, ал дзюдо, самбо және қазақ күресі залының ашылуы – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.

blank
blank
blank