23 қыркүйекте Қарағанды индустриялық университетінде кибергигиена, цифрлық және қаржылық қауіпсіздік саласындағы базалық білімді қалыптастыруға бағытталған республикалық жоба аясында студенттерге арналған қонақ дәріс өтті. Жобаны Қазақстан Республикасы Банктерінің қауымдастығы ҚР Ұлттық Банкінің Антифрод орталығы және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жүзеге асыруда.
Іс-шараның мақсаты — жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру және цифрлық ортадағы алаяқтық пен өзге де құқықбұзушылық әрекеттерге осалдығын азайту.
Студенттер алдында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сондай-ақ Қарағанды облысы полиция департаментінің өкілдері сөз сөйледі. Олар интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, сақтану шаралары және заңнамада көзделген жауапкершілік туралы айтып берді.
Кең таралған цифрлық алаяқтық түрлері:
Фишингтік сайттар мен хаттар — банктер мен сервистердің сайттарын сырттай көшіру арқылы жеке деректерді ұрлауға бағытталған.
«Банк», «тергеуші» немесе «туыс» атынан жалған қоңыраулар — қысым көрсету арқылы ақша аударуға немесе карта деректерін беруге мәжбүрлейді.
Мессенджерлер мен маркетплейстердегі алаяқтық — алдын ала төлем алып, тауарды жібермейді.
Аккаунттарды бұзу — қарапайым құпиясөздер немесе деректердің жария болуынан орын алады.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін:
PIN-кодтарды, CVV, құпиясөздер мен SMS-кодтарды ешкімге — банкке де, «операторға» да, «полиция қызметкеріне» де — ешқашан айтпаңыз.
Жеке деректерді енгізер алдында сайттың мекенжайын тексеріңіз — фишингтік сайттар жиі бір-екі әріппен ерекшеленеді.
Әр түрлі сервистерге әр түрлі, күрделі құпиясөздер қолданып, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.
Хаттардан, хабарламалардан және жарнамалардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз.
«Қауіп» немесе «төтенше жағдай» туралы қоңыраулар кезінде сабыр сақтаңыз — эмоцияға беріліп шешім қабылдамаңыз.
Өзіңізге бейтаныс адамдарға — олар банк қызметкері, сот немесе туыс болып көрінсе де — ақша аудармаңыз.
Антивирус орнатып, телефон мен компьютердегі бағдарламалық жасақтаманы үнемі жаңартып отырыңыз.
Полиция қызметкері ҚР ҚК 190-бабы бойынша алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Келтірілген залалдың мөлшеріне байланысты жаза айыппұл салудан бастап 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға және мүлікті тәркілеуге дейін болуы мүмкін.
Осындай кездесулер жастардың цифрлық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Цифрландыру үдерісі күшейген жағдайда жеке деректер мен қаржыны қорғай білу — қажетті дағдыға айналады. Цифрлық сауаттылық деңгейі неғұрлым жоғары болса — онлайн-алаяқтардың құрбаны болу қаупі соғұрлым төмен болады.




