Қарағанды индустриялық университетінде Теміртау қаласының 1–10 сынып оқушыларына арналған болашақ мамандықтар жазғы мектебі жұмысын бастады. Жоба кәсіби бағдар беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және оқушылардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға деген ұмтылысын қалыптастыруға, сондай-ақ техникалық, инженерлік және гуманитарлық бағыттарға қызығушылықты арттыруға бағытталған.
Жазғы мектепке университеттің барлық бітіруші кафедралары тартылып, олар түрлі білім беру және интерактивті іс-шараларды дайындады. Оқушылар теориялық білім алып қана қоймай, ойындар, мастер-класстар мен тренингтер арқылы практикалық дағдыларды меңгеруде. Бұл іс-шаралар тез өзгеріп жатқан заманда аса маңызды саналатын soft skills – икемді дағдыларды дамытуға сеп болады.
Жазғы мектеп бағдарламасы аясында төмендегідей бағыттар қамтылған:
«Сын тұрғысынан ойлау және мәселені шешу» командалық ойыны, мұнда қатысушылар жағдайларды талдауды, стандартты емес шешімдер қабылдауды және топта жұмыс істеуді үйренеді;
«Болашақ мамандықтары» тәжірибелік ойыны, онда оқушылар өз құндылықтары мен қызығушылықтарын, қабілеттерін қазіргі және келешегі бар мамандықтардың талаптарымен салыстырып көреді;
«Мансап жолын қалай құру керек» атты мастер-класс, бұл жерде жастар мақсат қою, кәсіби дамуды жоспарлау және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу жолдарын меңгереді;
«Аңыз бен шындық» мини-тренингі, бұл тренинг мамандықтар мен мансап мүмкіндіктеріне қатысты кең таралған жаңсақ пікірлерді жоққа шығаруға бағытталған;
Күн қорытындысы – рефлексия, мұнда қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, ерекше ұнаған сәттерді талқылайды, өздерін қызықтырған мамандықтарды атап өтеді. Сонымен қатар, оқушылардың қызығушылығы мен қатысу деңгейін сараптау мақсатында анкета толтырылады.
Балалар әсіресе интерактивті сабақ форматын, достық атмосфераны, топтық жұмыстарға қатысу мүмкіндігін және оқытушылармен еркін сөйлесу мүмкіндігін ерекше ұнатады. Көпшілігі ойындарға, мастер-класстарға қызығушылықпен қатысып, өз армандарымен бөлісіп, бұрын естімеген мамандықтар жайлы жаңа мағлұмат алуда.
Жазғы мектептің соңында салтанатты бөлім өтеді: қатысушыларға сертификаттар табысталып, фотосессия ұйымдастырылады, байланыс алмасу мен бейресми фуршет өткізіледі. Бұл – қатысушылар мен оқытушылар арасындағы еркін қарым-қатынасты нығайтуға арналған тамаша мүмкіндік.
Қарағанды индустриялық университетіндегі жазғы мектеп – бұл тек қызықты және танымдық демалыс қана емес, сонымен қатар болашақ талапкерлер үшін саналы кәсіби таңдауға бастайтын маңызды қадам.

