2 қыркүйекте Қарағанды индустриялық университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мен Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекенің басты кейіпкерлері – еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірінің табалдырығын алғаш рет аттаған бірінші курс студенттері болды.
Биыл университетке Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ алыс және жақын шетелдерден келген мыңға жуық студент қабылданды. Жастар Қарағанды индустриялық университетін мықты профессорлық-оқытушылық құрамына, еңбек нарығында сұранысқа ие инженерия, технология, экономика және басқару салаларындағы заманауи білім беру бағдарламаларына және жоғары беделіне сүйене отырып таңдады.
Студенттер мен оқытушыларға арнаған құттықтау сөзінде университет ректоры Бахыт Ахатович Жәутиков Конституциялық құндылықтардың маңыздылығын және білімнің ел болашағын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – «ҚарМӨУ-дың үздік түлегі» атты естелік мүсіншесін табыстау болды. Бұл мәртебелі марапат Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Борисович Ломакинге университет бастамаларын қолдап, студент жастарды дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.
Университеттің жаңа дәстүрлерінің бірі – ашық дәріс-сабақтар да іс-шара барысында ерекше көңіл аудартты. Алғашқы дәріс «Білім күші және жолды таңдау: болашаққа алғашқы қадам» тақырыбында өтіп, студенттердің үлкен академиялық және тұлғалық жолының басталуын білдірді.
Бұл күн – жаңа оқу жылының жарқын бастамасы ғана емес, сонымен қатар азаматтық құндылықтарды қалыптастырудың, білімге ұмтылудың және саналы кәсіби таңдаудың маңызды алаңына айналды.





