2025 жылғы 2–3 қыркүйек күндері Қарағанды индустриалдық университеті (Теміртау қаласы, Қарағанды облысы) Еуропадағы беделді техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Краков қаласындағы Горно-металлургиялық академиясының (AGH) жетекші ғалымдарынан құралған делегацияны қабылдады.
Бұл сапар халықаралық әріптестікті дамыту аясында ұйымдастырылып, ғылыми байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және инженерия, материалтану, металлургия және ақпараттық технологиялар салаларындағы бірлескен жобалардың болашағын талқылауға бағытталды.
Делегация құрамына өз саласында халықаралық беделге ие ғалымдар енді:
- Профессор Агнешка Копя — бетті инженериялау, жабындар және наноматериалдар саласының маманы;
- Профессор Лукаш Раух — қолданбалы информатика және өндірістік процестерді цифрландыру бойынша сарапшы;
- Профессор Кшиштоф Мушка — металдарды термомеханикалық өңдеу және микроструктуралық талдау бойынша зерттеуші;
- Профессор Моника Пернах — өндірістік процестерді оңтайландыру және материалтануға IT технологияларын енгізу саласының маманы;
- Профессор Пётр Мигас — экстракциялық металлургия, қалдықтарды өңдеу және «жасыл болат» технологиялары бойынша сарапшы.
Сапарды AGH-ның Орталық Азия университеттерімен ынтымақтастық жөніндегі өкілі, профессор Яцек Цеслик үйлестірді.
Сапардың негізгі мақсаттары:
- Инженерия, металлургия, ақпараттық технологиялар және қалдықтарды өңдеу салаларындағы бірлескен ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобаларды талқылау;
- КарИУ студенттері мен оқытушыларына арналған дәрістер мен семинарлар өткізу;
- Озық технологиялар мен білім беру бағдарламалары саласындағы тәжірибе алмасу;
- Академиялық және мәдени байланыстарды дамыту;
- Ақпараттық технологиялар мен материалтану бағыттары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу;
- Erasmus+ халықаралық бағдарламасына бірлесіп қатысуды жоспарлау;
Магистранттар мен докторанттарға кеңес беру.
Халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңі
AGH делегациясының бұл сапары Қазақстан мен Польшаның ғылым, білім және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту жолындағы маңызды қадам болды.
Қарағанды индустриалдық университеті үшін бұл — халықаралық интеграцияның жаңа деңгейіне шығуға және бүкіл Орталық Азия өңірі үшін бәсекеге қабілетті инженерлік кадрлар даярлауға үлкен мүмкіндік.

