«ҚАРИУ-ҒА БОЛГАРИЯ ҒАЛЫМЫНЫҢ САПАРЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ»

2025 жылғы 22 қыркүйекте Қарағанды индустриялық университетінде Болгарияның София техникалық университетінің Жылуэнергетика және ядролық энергетика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Калоян Христовпен кездесу өтті. Ол Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің жетекші шетелдік университеттердің ғалымдары мен сарапшыларын тартуға бағытталған Республикалық бағдарламасы аясында келді.
Калоян Христов – жылуэнергетика және ядролық энергетика саласының танымал маманы. Ол бакалавриат пен магистратура бағдарламалары бойынша дәріс оқиды, Scopus базасында Хирш индексі – 3. Ғалымның зерттеу бағыттары энергия тиімділігі, энергия аудиті, заманауи ғылыми-зерттеу әдістемелері, сондай-ақ энергетикалық нысандарды математикалық және имитациялық модельдеу мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар, ол жоғары рейтингті халықаралық журналдарда мақалалар дайындау және жариялау тәжірибесіне ие.
Сапар барысында профессор Христов:
студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және профессорлық-оқытушылық құрамға энергия тиімділігі мен энергия аудиті бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізеді;
магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми кеңес береді;
заманауи зерттеу әдістемелері бойынша оқыту семинары мен тренинг өткізеді;
Scopus және Web of Science базаларында индекстелген журналдардағы жарияланымдар бойынша workshop жүргізеді;

зерттеушілер мен әкімшілік қызметкерлерге халықаралық гранттық жобаларға қатысу мәселелері бойынша консультациялар өткізеді.

Кездесу нәтижесінде Қарағанды индустриялық университеті мен София техникалық университеті арасында ғылыми ынтымақтастықты дамыту және ұзақ мерзімді әріптестікті орнату жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, тараптар:
бірлескен ғылыми мақалалар әзірлеу және жариялау;
халықаралық ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларына қатысу;
жылуэнергетика және ядролық энергетика саласындағы өзекті мәселелер бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу;
Қарағанды индустриялық университетінің білім беру бағдарламаларын ашу және жетілдіру бойынша ынтымақтасу жоспарларын белгіледі.
Осылайша, профессор Калоян Христовтың сапары университеттің халықаралық байланыстарын нығайтуға, ғылыми және білім беру әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Қарағанды индустриялық университетінің әлемдік білім беру және ғылыми кеңістікке интеграциялануына жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

blank
blank