СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КҮРЕСЕТІН БОЛАДЫ

 

24 қарашада ҚарИУ-да «Жаңару» РҚБ-мен бірлесіп «Smart Compliance: Заң мен тәртіп» инновациялық орталығы ашылды — бұл заманауи цифрлық технологиялар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен күресуге және университет өмірін адал әрі ашық етуге көмектесетін алаң. Орталық ЖИ негізінде «Ақылды алдын алу жүйесі» ретінде жұмыс істеп, заңбұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайларды алдын ала байқап отырады.

Енді университетте студенттер мен қызметкерлердің дұрыс әрі жауапты әрекет етуіне көмектесетін ыңғайлы құралдар, оқыту материалдары мен қағидалар жасалады. Орталық адалдық пен заңға бағынушылық құндылықтарын нығайтып, университет, қоғам және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты жолға қояды.

— Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс заманауи құралдар мен жаңа тәсілдерді талап етеді, — дейді жоба жетекшісі, ҚарИУ-дың комплаенс-офицері міндетін атқарушы Самал Ибрагимова. — Арнайы зертхананың ашылуы — бұл жай ғана технологиялық шешім емес, сенім мен адалдық мәдениетін қалыптастыруға жасалған қадам. Біз адалдық пен ашықтықтың білім беру ортасында табиғи қалыпқа айналуын қалаймыз. ЖИ адамның байқамай қалуы мүмкін тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді және дер кезінде шара қолдануға жәрдемдеседі.

Орталықтың ашылу рәсімі аясында «Комплаенсте жасанды интеллект» атты дөңгелек үстел өтті, онда заманауи AI-технологиялардың құқықтық тәртіпті нығайтудағы рөлі талқыланды. Спикерлер қатарында ҚарИУ КЕАҚ ректоры, т.ғ.д., профессор Бахыт Жаутиков, «Жаңару» РҚБ-ның негізін қалаушы және құрметті төрағасы Оралбай Абдыкаримов, «Жаңару» РҚБ Кеңесінің төрағасы Мэлс Семғалиев, «Жаңару» РҚБ төрағасының орынбасары Бейбіт Мамраев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы Жандос Сәрсен болды.

— «Smart Compliance» жобасының іске қосылуы Қарағанды индустриялық университетінің уақыт талабына сай қадам жасап, ең сезімтал салаларға инновация енгізуге дайын екенін көрсетеді. ЖИ-ке негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жауапкершілікті, ашықтықты және білім беру жүйесіне деген сенімді арттырады, — деді Бейбіт Мамраев. — Әсіресе, жобаның өңірлік деңгейге кеңейтілуі маңызды, бұл адалдықтың жаңа стандарттарын тек жоғары оқу орнында ғана емес, бүкіл қоғамда қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар жаңа цифрлық экономикада сұранысқа ие адал және принципшіл азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді деп сенемін.

Іс-шара қатысушыларына сондай-ақ AI-Compliance Bot цифрлық көмекшісі таныстырылды, ол тәуекелдер жасырынуы мүмкін жерлерді көрсетіп, даулы мәселелерді жылдам шешуге көмектеседі. Орталықтың жұмысы ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті күшейтіп, облыс пен елдің басқа ұйымдарына үлгі болады деп күтілуде.

blank blank blank blank  blank


blankПросмотров: 6