Бүгін университетімізде «Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру - ғылым мен бизнесті жақындастыру құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – «Қазақстан Республикасының Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру шеңберінде университеттің өндірістік кәсіпорындармен ынтымақтастығының перспективалық бағыттарын талқылау, олардың қызығушылығына сай ғылыми-зерттеулер жүргізу, бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) қажеттіліктерін қарастыру. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылармен ҒЗТКЖ дамыту үшін жер қойнауын пайдаланушылар бөлетін қаражаттың 1% -ын тиімді пайдалану тетіктерін талқылау. Бұл өте маңызды тақырып, өйткені жер қойнауын пайдаланушылар бөлген орасан зор қаражат тиімсіз және мақсатсыз пайдаланылуда.
Сонымен қатар, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың әлсіз болуынан елде заманауи ғылымды қажет ететін өндірістер өте аз екені жасырын емес. Президент айтқандай, отандық кәсіпорындардың 65%-ы үшінші технологиялық құрылымға жатады, бұл шикізат секторы және металлургия. 34%-ы төртінші құрылымға кіреді, бұл машина жасау және мұнай-химия. Тек 1%-ы ғана микроэлектроника, робот жасау бесінші құрылымға сәйкес келеді. Нано және биотехнология бағытындағы алтыншы технологиялық құрылымдағы кәсіпорындар бізде мүлдем жоқ.
Дамыған елдерде кәсіпорындардың жартысынан астамы бесінші технологиялық құрылымға, ал 5%-ы алтыншыға жатады. Бұл айырмашылықты азайту - біздің еліміз үшін өзекті міндет болып табылады. Президент отандық ғылым ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде алда болуға тиіс екенін айтты.
Аталған мәселелердің барлығы дөңгелек үстел жұмысында талқыланды. Талқылау барысында түйгеніміз, өндірістік сектор өкілдерінің алда тұрған міндеттер жайлы, еліміздің ғылым саласындағы инновациялар туралы ақпараты аз, біздің ғалымдарымыздың ғылыми зерттеулері, ғылыми жобаларға арналған конкурстар туралы жеткілікті тұрғыда хабардар емес.
Біз өз кезегімізде, дөңгелек үстелге қатысушыларға ұйымдастырылған көрме бойынша ғылыми жетістіктеріміз туралы, ел ғылымының даму келешегі туралы ақпарат ұсындық, өткізілетін түрлі ғылыми конкурстар, өндірістерді инновациялық жағынан дамыту үшін ғылыми жобаларды бірлесіп әзірлеу тетіктері туралы толық ақпарат бердік. Компаниялардың өкілдері де осы бағыттардағы ынтымақтастық бойынша өз ұсыныстарын берді, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін нақты жобаларды әзірлеу туралы шешім қабылданды. «Sensata» компаниясы жетекшілерімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Қарағанды облысы бойынша «АрселорМитталТеміртау» АҚ, «Sensata Group», «Tau-Ken Temir» ЖШС, «ТЭМК» АҚ, «Kaz-metiz» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «QazTehna» ЖШС, «Central Asia Cement» АҚ, «Құрылысмет» ЖШС, «ИнтерСтройАвангард» ЖШС және т.б. кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Өткізілген іс-шара өндіріс қызығушылығы негізінде ғылымды дамытуға қуатты серпін береді деп сенеміз.