Қарағанды индустриялық университетінде бірінші рет ғылыми диссертациялық жұмыстарды қорғау өткізілді. Өткен жылы жоғары оқу орнында басым ғылыми бағыттар: «Қара және түсті металдар металлургиясы» және «Инженерия саласындағы нанотехнологиялар» бойынша екі Диссертациялық кеңес ашылды.
Жасыратыны жоқ, кез келген жоғары оқу орны үшін ғылыми дәрежеге диссертация қорғау беделді де маңызды іс.
Докторлық жұмыстарды қорғау осы жылдың қазан айында атап өтілетін Қарағанды индустриялық университетінің 60 жылдық мерейтойы шеңберінде жүзеге асырылды. Бірінші болып диссертацияны көпшілік алдында Нұрбек Әйткенов қорғады. Оның жұмысының тақырыбы металлдалған өнімдер алу үшін конвертерлік шлам мен шлак қоспасын өңдеу технологиясын жасауға арналған. Философия ғылымдарының докторы (PhD) дәрежесіне үміткер Ербол Қуатбайдың диссертациялық жұмысының мақсаты – «Сарыадыр» кенорнының жоғары күлді көмірді қолданумен көміртекті феррохромды қорту бойынша ресурсты үнемдейтін тиімді технологияларды әзірлеу.
Қарағанды индустриялық университетінің «Металлургия және материалтану» кафедрасының профессоры Асылбек Нұрымғалиев атап өткендей, университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасалған. Біз зерттеу саласында 18 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Атап айтқанда, бүгінде қорғап жүрген докторанттар осы жобаларға, жастар жобаларына және постдокторлық жобаларға қатысуда.
Диссертациялық кеңес құрамына Қарағанды индустриялық университетінің жетекші ғалымдары ғана емес, басқа да отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары енгенін айта кеткен жөн. Университеттің профессорлы-оқытушылар құрамы 125 адамды құрайды, оның ішінде 8 ғылым докторы, 35 ғылым кандидаты, 12 PhD докторы бар. Сондай-ақ, 11 оқытушы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағына ие.
Қарағанды индустриялық университетінің Ғылыми істер және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Болат Махмутов атап өткендей: «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің төрағасының бұйрығымен бізде металлургия және нанотехнология бағыты бойынша екі диссертациялық кеңес ашылды. Университеттің 60 жылдығын атап өтеміз. Біз қазір ғылымдағы серпіліс кезеңіндеміз».
Университеттің барлық ғылыми жетістіктерін тізіп шығу мүмкін емес. ҚарИУ – Британдық Кеңес өткізетін Going Global Partnerships бағдарламасын жеңіп алған 10 қазақстандық университеттің бірі екені маңызды. Қарағанды индустриялық университеті Ұлыбританияның Портсмут университетімен бірге бұл бағдарламаға қатысады, ынтымақтастық бірлескен зерттеулер жүргізуге, стратегиялар мен білім беру жобаларын әзірлеуге бағытталған.
Просмотров: 199