АТЫРАУ МЕН АҚТАУДА МАҚСАТТЫ БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
22 сәуірде Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы Достық үйінде Білім басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері, Ұлттық тестілеу орталығының директоры, сонымен қатар нысаналы грантты игеруге атсалысатын еліміздің 42 жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысуымен Жоғары білім көрмесі өткізілді. Аталған іс-шараға Маңғыстау облысының 3,5 мыңнан астам мектеп түлектері, ата-аналар, мұғалімдер қатысты.
Көрмеде Қарағанды индустриялық университетінің оқытушылары бітіруші түлектер үшін өздерінің толық ақпараттарын ұсынып, мамандықтардың өзектілігі мен өміршеңдігі жайында мәліметтер, мамандық таңдау бойынша кеңестер берді. Көрмеден соң, Ш.Есенов атындағы университет базасында өткен дөңгелек үстел отырысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тналиев, Маңғыстау облысы Білім басқармасының басшысы Д.Жұмашева және т.б. қатысып, білім гранттарының аталған өңірлер үшін мәні мен маңызын, жалпы өңірдің білім саласын одан әрі дамыту жайында құнды пікірлерімен бөлісті.
Арнайы құрылған жұмыс кестесіне сәйкес 17-22 сәуір күндері біздің оқу орнының оқытушылары кәсіби-бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, Жаңаөзен
қаласы, Қарақия, Түпқараған аудандарының барлық ауыл мектептерінің 11 сынып оқушылары кәсіби бағдар беру жұмыстарымен қамтылды.
Бүгін, яғни 24 сәуір күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жайық» мәдени-спорт кешенінде өңірдің мектеп бітіруші түлектері үшін көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Атырау облысының барлық мектептерінің түлектері қатысты. Көрмеде 42 ЖОО басшылары мен өкілдері түлектермен кездесіп, оларды қызықтырған барлық сауалдарға жауап берді. Көрмеден соң, Мемлекет басшысының нысаналы білім беру гранттарын игеру бойынша тапсырмасын сапалы және кешенді орындау үшін ҚР ҒЖБМ вице-министрі Қ.Ерғалиевтің төрағалық етуімен батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті. Дөңгелек үстел жұмысына Атырау облысы әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, облыстық білім басқармасының өкілдері қатысып, өңірдің білімін дамыту бойынша ойларын ортаға салды.
Батыс өңірлеріне бөлінген нысаналы гранттарды игеру мақсатында өткізілген Жоғарғы білім көрмесіне қатысқан түлектер мен ата-аналарға Қарағанды индустриялық университетінің білім беру бағдарламалары туралы мәліметтер беріліп, олармен тығыз байланыстар орнатылды. Бұл жұмысты біздің оқытушыларымыз сәуір айының аяғына дейін жалғастыратын болады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мен батыс өңірлерінің Білім басқармаларының үйымдастыруымен өткізілген осы маңызды іс-шаралар үлкен нәтиже беріп, жыл сайын мектеп бітіруші түлектерді мемлекет тарапынан қолдау жұмыстары жандана береді деп сенеміз.