ҰЛТТЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ ӨТТІ

 

Қарағанды индустриялық университетінде жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық Ұлттық пікрсайыс турнирінің облыстық кезеңі өтті. Ұлттық пікірсайыс Американдық Парламенттік формат негізінде өрбіді.

Аталған доданың ұйымдастырушылары Қарағанды облысының білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы. Оқушыларының арасында мектептік пікірсайыс қозғалысты дамыту және насихаттау турнирды өткізудегі басты мақсат. Осындай шаралар арқылы білім алушылардың жалпы мәдени ой-өрісін кеңейту, оқушылар арасындағы академиялық білім деңгейін көтеру, білім алушылардың шешендік сөйлеу өнері дағдыларын және қоғамда орын алған өзекті мәселелерді талдау мен көпшілік алдында талқылау арқылы білім алушылардың позитивті, сыни ойлауын, жүйелі талдау дағдыларын қалыптастыру аса маңызды. Облыс бойынша Ұлттық пікірсайыс турниріне 108 оқушы қатысты. Және де облысымыздың түкпір-түкпірінен пікірсайыс шеберлері келді.

Сайысқа қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын лигасына бөлініп бақ сынады. Теміртау қаласының дебат қозғалысы жетекшісі Алексей Ломакин, «Сарыарқа дарын» орталығы жетекшісінің орынбасары Асхат Какетаев және университетіміздің ректоры Болатбек Абдрасилов жеңімпаздарды марапаттап, құттықтау сөздерін сөйледі. Турнир қорытындысы бойынша қазақ лигасында «Жігер» командасы – «Мұрагер» ММИ Қарағанды қаласы, орыс лигасында «Аристократы» командасы – Балқаш қаласы, ағылщын лигасында «Зияткер» командасы – «Зияткер» ММЛ Балқаш қаласы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар бүгінгі жеңімпаздарға пікір-сайыс турнирінің арнайы «Теміртау қаласының Әкімі кубогы» ұсынылды.


Просмотров: 2  234