Бестембек Ербол Серікұлы
«Технологиялық машиналар және көлік» кафедрасы
«Технологиялық машиналар және көлік» кафедрасының қалыптасу тарихы оған дейін болған «Металлургиялық машиналар және жабдықтар» (бұрынғы атауы «Металлургиялық зауыттардың механикалық жабдықтары» кафедрасы) және «Өнеркәсіптік кәсіпорындардың механикалық жабдықтары» (бұрынғы атауы «Құрылыс және жол машиналары» кафедрасы) кафедраларының тарихымен тығыз байланысты.
«Металлургиялық зауыттардың механикалық жабдықтары» кафедрасы (кейіннен «Металлургиялық машиналар және жабдықтар» кафедрасы) 1975 жылы құрылды және алғашқы 16 инженер-механик түлектерді дайындап шығарды. Кафедраның алғашқы меңгерушісі қызметін 1978 жылға дейін т.ғ.к. Кривобоков Владимир Николаевич атқарды. Әр жылдары кафедраны доцент Бурдов Алексей Иванович (1978 ж.), т.ғ.к. Илькун Владимир Иванович (1978-1983 жж., 2000-2001 жж.), т.ғ.к. Атаманов Виктор Федорович (1983-1996 жж.), т.ғ.д. Ичев Борис Рускович (1996-1998 жж.), т.ғ.к. Киманов Болат Мажитович (1998-2000 жж.), т.ғ.к. Кузнецов Борис Сергеевич (2001-2005 жж.), т.ғ.к. Изместьева Ольга Алексеевналар (2005-2006 жж.), т.ғ.к. Ногаев Кайрош Абилович (2006-2024 гг.) басқарды. 2024 жылдан бастап кафедраны т.ғ.к., доцент Бестембек Ербол Серікұлы басқарады.
Дайындық бағыттарының кеңейтілуіне орай 2008 жылдан бастап кафедра атауы «Технологиялық машиналар және көлік» болып өзгертілді. Қазіргі уақытта кафедра бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар дайындайды.
Кафедрадағы оқу үрдісі
Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының тиісті базалық инженерлік-техникалық білімдері, техникалық ғылымдар бойынша ғылыми дәрежелері мен атақтары бар. Қазіргі уақытта кафедрада 5 техника ғылымдарының кандидаты, 2 PhD, 4 магистр және 2 маман жұмыс істейді. Ғылым – кафедра қызметінің басым бағыттарының бірі. Оқытушылар белсенді ғылыми жұмыс жүргізеді, біліктілігін арттырады, ғылыми тағылымдамадан өтеді, халықаралық ғылыми конференцияларға, конгрестерге, семинарларға қатысады. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын 6 ғылыми гранттық жоба іске асырылуда.
Кафедрадағы ғылыми семинар
Кафедра қолданыстағы санитарлық-техникалық нормаларға сәйкес келетін және оқу жоспарында көзделген теориялық және практикалық дайындықтың барлық түрлерін жүргізуді, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын тиімді орындауды қамтамасыз ететін материалдық-техникалық базаға (аудиториялық қор, компьютерлік сыныптар, зертханалар, құралдық қамтамасыз ету, қор материалдары) ие. Кафедрада 5 оқу зертханасы, 1 ғылыми зертхана, 2 компьютерлік сынып бар.
Калибрленген біліктерде илемдеу кезінде қарқынды ығысу деформацияларын іске асырудың технологиялық әдісін әзірлеу және зерттеу бойынша ғылыми жұмыстар
Кафедра өндірістік кәсіпорындармен байланысты орнатуға және қолдауға көп көңіл бөледі, бұл курстық және дипломдық жобалау, түлектерді бөлу, кафедраның ғылыми зерттеулерін жүргізу үшін қажетті материалдық-техникалық және ақпараттық-анықтамалық базаны құруға мүмкіндік береді. Серіктес кәсіпорындар ретінде «Qarmet» АҚ-ы, «Eurasian Machinery» ЖШС-і, «Борусан Макина Казахстан» ЖК ЖШС-і, «Имсталькон Теміртау» ЖШС-і, «Гордорсервис-Т» ЖШС-і, «Инкар-1» ЖШС-і, «Құрылысмет» ЖШС-і, «Карцемент» АҚ-ы, «Central Asia Cement» АВҚ-ы және т.б. атап өтуге болады. QazTehna корпоративтік университеті мен кафедраның бірлескен жұмысының нәтижесінде «Автомобиль жасау» мамандығы бойынша бакалавриаттың білім беру бағдарламасы іске қосылды. Осы серіктестік аясында кафедра базасында 2024 жылы QazTehna зауытының мамандандырылған зертханасы ашылды.
Кафедра базасында QazTehna зауытының мамандандырылған зертханасын ашу
Мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде оқу-әдістемелік құжаттаманы әзірлеу және қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оқу-әдістемелік құжаттаманы кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы әзірлейді, олар кафедра отырыстарында талқылаудан өтеді, факультет деканымен, академиялық саясат жөніндегі директормен келісіледі және университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректорымен бекітіледі. Жыл сайын кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.